Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.59
EUR 429.43
RUB 5.91
CNY 56.58

Қазақстанда туберкулезге қарсы күреске 48 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

2019 жылдың 20 наурыз 2019 07:21 374

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл елімізде туберкулезге қарсы күреске 48 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Солтүстік Қазақстан облысында осы мақсатқа «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» филиалы шамамен 1,7 млрд теңге бөлді, бұл - 2018 жылдың көрсеткішінен көбірек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда бұл әлеуметтік маңызы бар ауру пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілді көлемімен қамтамасыз ету тізіміне енгізілген. Сондықтан туберкулезді анықтау, алдын алу және емдеу халық үшін тегін.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 35 мыңнан артық сырқат диспансерлік есепте тұрған (оның 15 мыңға жуығы туберкулездің белсенді түрімен ауыратындар). Оның ішінде 9 мыңға жуық адам пациенттер қатарына жаңадан қосылған. Сырқаттардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында (3604), Алматы облысында (3311), Шығыс Қазақстан (2860) және Қызылорда (2495) облыстарында тұрады. 

Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің мәліметтері бойынша, Солтүстік Қазақстанда туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. 2018 жылдың қорытындысы бойынша белсенді туберкулезбен ауыратын 610 науқас, өкпе туберкулезімен ауыратын 584 адам тіркелген. Бацилла бөлетін пациенттердің саны - 369, бұл - 63,2% құрайды. Олардың барлығы ауруханада емделеді. Жыл басынан өңірде туберкулездің 55 жаңа жағдайы анықталған. Бірақ, жалпы алғанда, ауру көрсеткішінің төмендеуі байқалады.

Мамандардың айтуынша, дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса туберкулезді толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауларын орындаудың маңызы зор.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» СҚО филиалының халықты ақпараттандыру бөлімінің мәліметінше, Қазақстанда бұл ауру интеграцияланған бақылау стратегиясы бойынша емделеді. Бақылаудың бұл түрі туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың емханада амбулаторлық ем қабылдауына мүмкіндік береді.

Туберкулезге қарсы профилактиканың негізі - жыл сайынғы рентгендік скринингтер,  емханада жүйелі тексерулер. Мұның бәрі әрбір қазақстандық үшін тегін, себебі ол медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелерге  БЦЖ вакцинасы алады.

Жыл сайын 24 наурызда әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұрындық болуымен өтетін дәстүрлі шара биыл «Туберкулезді жою, сырқаттарды толық емдеп жазу» деген ұранмен өтпек.

 

 

Жоғары қарай