Ауа райы
Нұр-Сұлтан 5 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Қазақстанда полиэтилен пакеттерді пайдалануға тыйым салынады

2019 жылдың 25 сәуір 2019 16:23 2832

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Энергетика министрлігі әзірленіп жатқан жаңа ҚР экологиялық кодекс аясында Қазақстан аумағындағы бөлшек саудада сыйымдылығы кішкентай полиэтилен пакеттерді пайдалануға тыйым салуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл бастаманың қажеттілігі мынада: негізінен полиэтилен пакеттер қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына елеулі зиян келтіреді. Қазақстандағы сыйымдылығы шағын полиэтилен пакеттерді сатуға кезең-кезеңімен тыйым салынады. Бірінші кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға шектеу қойылады. Осы кезеңде халық арасында әсіресе қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына полиэтилен пакеттердің қаншалықты зиян екеніне байланысты кеңінен үгіт жүргізу қажет. Сонымен бірге, баламалы экологиялық қаптама өндірісін ынталандыру мәселесі де шешілуі тиіс. Екінші кезеңде олардың ел аумағында сатылуына толық тыйым салынады. Полиэтилен пакеттерді пайдаланудағы бұл шектеу мәселені жан-жақты әрі егжей-тегжейлі зерттеуден кейін енгізіледі», - делінген хабарламада.

Пластикалық пакеттер мен полипропилендердің көбі мұнай мен табиғи газдан жасалған материалдан дайындалады. Ал олардың өндірісі кезінде ауаға тарайтын зиянды химиялық заттар климаттың жаһандық деңгейде өзгеруіне ықпал ететіні ескерілуі керек. Полипропилен толығымен жойылуы үшін 100 жылдан астам уақыт қажет. Пластикалық фрагменттер полихлорланған бифенилдер мен полициклді көмірсутектер сияқты зиянды заттар бөледі. Осылайша, пластикалық пакеттер қоршаған ортаны ластайды. Жеңіл болғандықтан, пластикалық пакеттер жел мен су арқылы тасымалдана береді. Бұл ретте қалалар мен жағалау аймақтары ерекше ластанып жатқанын айта кету керек.

Министрліктің хабарлауынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар саны 150-ге дейін артқан. Ал 2016 жылы ондай компаниялардың саны бар-жоғы 115 еді. Қазақстандағы 51 елді мекенде жеке жинақ жүйесі, ал 30 елді мекенде сұрыптау жүйесі енгізілген.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтарында Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында сұрыптау қуаты жылына 50 мың тонна болатын станса іске қосылған. Сол секілді, Өскемен қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қуаты жылына 100 мың тонна болатын сұрыптау желісі орнатылған. Ал 2019 жылы Атырау қаласының полигонында қалдықтарды сұрыптау кешенін енгізу жоспарланып отыр. Сол сияқты Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, жою, кәдеге жаратудың орталықтандырылған басқару жүйесі құрылады.

 

 

 

Жоғары қарай