Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Қазақстанда браконьерлердің көліктері тәркіленуі мүмкін

2019 жылдың 22 ақпан 2019 10:58 728

АСТАНА.  ҚазАқпарат - Қазақстанда браконьерлердің көліктері мен қару-жарақтарын тәркілеуге мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленуде. Бұл жайында Сенат депутаттарының ресми сауалына жауап берген бұрынғы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев атап өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Браконьерлік мақсатта пайдаланылған қару-жарақты, оның ішінде автокөлік құралдарын міндетті түрде тәркілеуді енгізу мәселесін, оны одан ары «Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының аясында жүзеге асыруды өкілетті мемлекеттік органдар қарастырып жатыр», - деп атап өтеді Б.Сағынтаев.

Оның айтуынша, аталған заң жобасы Үкіметтің 2019 жылға арналған заң шығармашылық жұмыстарының жоспарына сәйкес бекітілген тәртіппен осы жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін болады.

Естеріңізге сала кетсек, 31 қаңтарда өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев браконьерлер көліктерін тәркілеп, оларды табиғат қорғау инспекторларына беруді ұсынған болатын.

«Браконьерлік қылмыс далалық жолда жүруге қолайлы әрі жүрдек көліктердің көмегімен жүзеге асырылады. Заң талаптары бойынша ол көліктер қылмыс құралы болып есептелетіндіктен мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет. Алайда, қоршаған ортаға, табиғат игілігіне есепсіз шығын келтірген браконьердің басым көпшілігі жеңіл жаза алумен шектеліп, көлік құралдары кейін қайтарылып беріледі. Егер оларды көліктерге иелік құқығынан айырып, қылмысқа қатысты көліктер мен басқа да құралдар ешқандай ымырасыз тәркіленсе,  браконьерлерлік қылмысқа бірден-бір тосқауыл қойылар еді», - деді сенатор.

Осы орайда, ол браконьерлік әрекеттерге қолданылған көліктерді сот шешімі бойынша мемлекет пайдасына тәркілеп, оларды жануарлар дүниесін қорғайтын органдар құзырына өткізуді ұсынды.

 

 

Жоғары қарай