Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 361.15
EUR 414.71
RUB 5.53
CNY 52.07

Қазақстанда балаларды 7-сыныптан бастап мамандыққа баулу ұсынылды

2018 жылдың 18 мамыр 2018 00:43 1374

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 7-сынып оқушыларына зерттеу жүргізіп, олардың қай мамандыққа икемді екенін анықтайды. Бұл жұмыс Білім және ғылым министрлігімен бірге атқарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП төрағасы Тимур Құлыбаев өндіріс орындарына қажетті кадр дайындау жұмысына тоқталды.

«Дуалды, қысқартылған бағдарлама бойынша білім беруге көшу керек. Бір маманды үш жыл дайындау дұрыс емес. Олар колледжде мектеп бағдарламасын оқымауы тиіс. Білім алып, тез арада экономикалық өсімге үлес қосуы үшін бағдарламаны қысқарту жолдарын қарастырамыз. Олар өз нанын табады, жұмысқа кіріседі, сөйтіп экономикалық дамуға үлес қосады», - деді Тимур Құлыбаев.

Жаңа жобаны қолға алған «Атамекен» ҰКП Норвегия, Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйеніп отыр. Яғни, балаларды мамандыққа мектептен бастап икемдейді.

«Балаларды мектептен мамандыққа дайындауды жоспарлап отырмыз. Білім және ғылым министрлігі ұсынысты қолдады. Барлық 7 сынып оқушысын зерттеуге алып, олардың қолынан келетін істерді, бағытты анықтап, зерделейміз. Қазіргі кезде зерттеу арқылы кімнен қандай маман шығатынын білуге болады. Сол кезде оқу бағдарламасын өзгертуге, хай-скул, яғни, 9, 10, 11 cыныпта мамандық игеріп шығу мүмкіндігі туады. Әрі қарай оқу бағдарламасын ЖОО байланыстыруға болады. Бұл «Білім туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге тура келетін шешім», - деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

«Атамекен» ҰКП«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру кезінде Ақтөбенің тәжірибесіне сүйенді. Яғни, кадрды өндіріс орнының өзі дайындайды. Өткен жылы елімізде 47 92 адам оқытылды. Қазіргі кезде дәл осы әдіспен білім беретін 189 оқу орталығы бар. Кәсіпкерлік палатасы биыл бұл сандық көрсеткішті 300-ге жеткізбек.

«Артықшылығы -маман шәкіртақы алады, кәсіпкерге әрбір оқытқан кадр үшін ай сайын 31 мың теңге беріледі. Кадр дайындау үшін жыл сайын еліміз 107 миллиард теңге бөледі. Сапасы сын көтермейді. Сондықтан төрт өзгерту енгізгіміз келеді. Колледж директоры облыстық комиссияға келген кезде өзі дайындаған кадрдың жұмысқа орналасқаны немесе бос жүргені туралы ақпарат беруі қажет. Мәселен, Сарыағашта дәнекерлеуші дайындап, тек 7 пайызы жұмысқа орналасқан. Тағы да сол мамандықты дайындаса, себебін түсіндіруі тиіс. Колледждің материалдық-техникалық жағдайы заманауи сұранысқа сай келе ме деген сұрақ та маңызды. Оқу бағдарламаларын бағалау керек», - деді Эльдар Жұмағазиев. 

Жоғары қарай