Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 29 наурыз 2020 12:02

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада Қазақстанның бірқатар өңірінде кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына 23-29 наурыз аралығында болған тағайындауларды ұсынады.

26 наурыз күні Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы тағайындалды. Бұл қызметке облыс әкімінің өкімімен Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы келді .

Қайратбек Сәрсенбаев 1961 жылы дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-гидротехник» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «экономист-бухгалтер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Сырдария су жүйелері басқармасының инженері ретінде ретінде бастаған. 1999-2012 жылдары Сырдария аудандық экономика және қаржы бөлімінің меңгерушісі, Сырдария аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2012-2017 жылдары - Қызылорда облысының қаржы басқармасының басшысы, Шиелі ауданының әкімі болды. Ал 2017 жылдың қазан айынан бастап осы кезге дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

27 наурызда Павлодар облысы әкімінің жаңа аппарат басшысы тағайындалды. Бұл лауазымға бұған дейін өңірлік қаржы басқармасына жетекшілік еткен Нұрлан Шайхсләмұлы Дүйсенбинов келді.

Аппарат басшысы қызметінен босаған Ағыбай Әмірин Павлодар облысы әкімінің аппараты құрылымында жұмыс істейтін болады. Әбілқайыр Сқақов оған атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, Құрмет грамотасымен марапаттады. ⠀

Нұрлан Шайхсләмұлы Дүйсенбинов 1973 жылы Павлодарда өмірге келген.

1994 жылы Қарағанды кооператив университетін, ал 2003 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін тәмәмдаған. Экономист және заңгер квалификациясы бар. ⠀

Еңбек жолын 1994 жылы «Игілікбанктың» Павлодар филиалында бастаған.

1997 жылы Павлодар қаласы Ильичев ауданының Салық комитетіне ауысады, ал 1998 бен 2003 жылдар аралығында Павлодар қаласы салық комитетінде түрлі дәрежеде қызмет атқарған. Кейіннен Павлодар облысы Салық комитеті бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалады.

2005 жылы Павлодар қаласы Салық комитеті төрағасының орынбасары, ал 2014-2016 жылдары Павлодар облысы бойынша тексеру комисиясының төрағасы болған. ⠀

2016 жылдан 2017 жылға дейін Нұрлан Дүйсенбинов Ақсу қаласы әкімі болған.

2017 жылдың қарашасында облыстық қаржы басқармасының басшысы қызметінде жаңа тағайындалуына дейін жұмыс істеген.

28 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылды.

Осы күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.

«Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалсын» - делінген Жарлық мәтінінде.

Ол 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Сұлу-Төбе ауылында дүниеге келген.

1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты.

1987 жылдан 1994 жылға дейін Қызылорда облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас инспекторы, бухгалтерлік есеп және бақылау бөлімінің бастығы, тексеру комиссиясы бөлімінің бастығы.

1994-1995 жылдары-Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі комитетінің консультанты.

1995-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, әлеуметтік қамтамасыз ету департаментінің директоры, халықты зейнетақымен қамтамасыз ету және кірістерді реттеу департаментінің директоры лауазымдарында қызмет атқарды.

2003 жылдың наурыз айынан 2005 жылдың желтоқсанына дейін- Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

2005 жылдың желтоқсан айынан 2006 жылдың қазан айына дейін-«Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы.

2006 жылдың қазаннан 2007 жылдың қазанына дейін-Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

2007 жылдың қазаннан 2008 жылдың қаңтарына дейін-Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы.

2008 жылдың қаңтарынан 2009 жылдың наурызына дейін – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.

2009 жылдың наурызынан 2012 жылдың қыркүйек айына дейін-Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы. 2012 жылдың қыркүйегінен 2013 жылдың қарашасына дейін – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.

2013 жылдың қараша айынан 2014 жылдың қараша айына дейін-Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.

2014 жылдың қарашасынан 2019 жылдың ақпанына дейін-Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.

2019 жылдың ақпаннан бастап 2019 жылдың тамызына дейін – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.

Қазақстанда алғаш рет әйел облыс әкімі болып тағайындалды.

2019 жылдың тамызынан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болған.


Автор Зарина Қаһарман
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай