Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қазақстанда 4 млн адам жастар санатына жатады

2019 жылдың 10 шілде 2019 17:15 1121

ЗЕРЕНДІ. ҚазАқпарат - Республикалық «Зерен-2019» жастар лагерінің бірінші кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір аптадан астам уақыт бойы Зеренді көлінің жағасында жатып, бизнестің әліппесін үйренген жастар тәлімгерлерімен бірге дайындаған жобаларын топ-топқа бөлініп қорғады. Үздік деп танылған жоба авторларын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова марапаттап, шараға қатысушыларға лебізін білдірді.

«Барлық жағынан мемлекет жастарға қолдау көрсету керек. Осы жыл Жастар жылы болып белгіленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жастарға көптеген басымдық берілетінін айтып келеді. Жастарды қолдау мақсатында жол картасы жасалып, 89 бағыт айқындалған болатын. «Зерен» лагері - соның бірі. Бұл шара жыл сайын болады, әрі қарай жалғасады деп сенемін», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, Қазақстанда 4 млн адам жастар санатына жатады.

«29 жасқа дейінгі мамандарды баспанамен қамту үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 жылдың ішінде 9000-нан астам арендалық үй берілетін болды. Ең басты бағыт - жастарды кәсіпкерлікке баулу. «Жас кәсіпкер» бағдарламасының аясында биыл 9000-нан астам жасқа 505 мың теңгелік гранттар бөлініп отыр. «Бастау» бағдарламасы тағы бар. Базар төңірегінде жүрген жастар бар, маргинал топтар бар. «Бастау» осындай буынға арналған. Елдегі 180 колледж бен 20 университет Назарбаев университеті үлгісімен қайта жабдықталады. Бұл кейін бүкіл республика аумағына таратылатын болады. Бүгінгі лагерьдің тағы бір мақсаты - тәжірибе алмасу. Алдағы бір айда тағы екі лекпен сіздер сияқты 400 жас келіп, болашаққа бағдар алып қайтады. Елімізде 4 млн жас бар. Бұл -  үлкен күш. Ертеңіміздің тірегі де өздеріңізсіздер», - деген Гүлшара Әбдіқалықова жобасы озық деп танылған жастарды марапаттады.

Жазғы лагерьге елімізде білім алып жүрген шетелдік қазақ жастары да шақырылыпты. Ресей, Өзбекстан, Қытай және Моңғолия елінде тұратын жастар қазақстандық қандастарымен жақын танысып, бірге бизнес жобалар қорғауға мүмкіндік алып отыр.

«Біз биыл Нұр-Сұлтан қаласында дайындық курсынан өткен болатынбыз. Жуықта ғана ҰБТ сынағынан сәтті өтіп, осында оқуға қалуға мүмкіндік алдық. Зерендіде әр сағатымыз, әр минутымыз тиімді өтіп жатыр. Тәлімгерлер бар білгендерін үйретіп жатыр. Ұлттық ақ тағам стилімен табиғи балмұздақ жасау бұрыннан ойымда бар болатын. Бүгін соны нақты жобаға айналдырдық» Зерендінің жағасындағы мәні күндер мәңгі есімізде қалатын шығар», - дейді мңоғолиялық жас Ақмөлдір Қиялқанқызы.

Еске салсақ, 4 шілде күні Ақмола облысында «Зерен-2019» жас кәсіпкерлер лагерінің алғашқы маусымы басталған болатын. 

Елдің 17 өңірінен келген 200 жас Зеренді көлінің жағасында елген танымал тұлғалармен, жоғары лауазым иелерімен кездесіп, ашық әңгіме өрбітуге мүмкіндік алуда. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та Зерендіге барып, жастармен кездескен еді. 

 

 

Жоғары қарай