Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Қазақстанда 19 мың шетелдік еңбек етіп жатыр

2020 жылдың 24 ақпан 2020 11:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 19 мыңнан астам шетелдік еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, 2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алған 19 137 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырады.

«Олардың ішінде бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары) 753 адам (4%), екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) – 4 364 (23%), үшінші санат бойынша (мамандар) – 9 613 (50%), төртінші санат бойынша (білікті жұмысшылар) – 1 749 (9%), маусымдық жұмыстарда – 926 (5%), корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 732 адам (9%) тартылды», делінген хабарламада.

Шетелдіктерді тартқан жұмыс берушінің саны – 2 021, оларда 479 342 қазақстандық жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%.

«Шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс саласында – 8 582 адам (45%) жұмыс істейді. Тау-кен өнеркәсібінде 2 228 адам (12%), өңдеу өнеркәсібінде – 1 586 (8%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 1 397 шетелдік (7%) жұмыс істейді», делінген хабарламада.

Еңбекші мигранттардың негізгі шығу елдері: Қытай – 5 266 адам (28%), Түркия – 1 935 (10%), Үндістан – 1 896 (10%), Ұлыбритания – 1 434 (8%), Өзбекстан – 965 (5%).

Еске сала кетсек, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тарту квотасын белгілейді. 2020 жылға арналған квота жұмыс күшінің санына қатысты 0,32% немесе 29,3 мың бірлік мөлшерінде бекітілді.

Айта кетерлігі, елімізде шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған квота 40 пайызға қысқартылған.


Жоғары қарай