Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 384.52
EUR 431.32
RUB 6.10
CNY 55.89

Қазақстанда 1 маусымнан бастап жалақыны көтеруге 144 млрд-тан астам теңге бөлінді

2019 жылдың 15 маусым 2019 12:06 1543

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -  2019 жылғы 1 маусымнан бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруға 144 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұңғыш Президент - Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласының ақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы көбейеді.

«Жалақы 1-ден 8-ге дейінгі разрядтағы қызметкерлерге, қосалқы (техникалық), әкімшілік және негізгі персоналдар қызметкерлеріне, сондай-ақ басқарушы персоналдың кейбір қызметкерлеріне қатысты болды. Аталған қызметкерлердің жалақысы жұмыс өтіліне байланысты сараланған түрде арттырылады.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2019 жылға 144,3 млрд.теңге көзделген», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғары білімді және 1 маусымға дейін 2 жыл жұмыс өтілі бар жоғары санатты әлеуметтік қызметкердің жалақысы 81 830 теңгені құрады. 2019 жылғы 1 маусымнан бастап - 98 961 теңге. Осылайша, жалақының өсімі 17 130 теңгені немесе 21% құрады.

«Тағы бір мысал ретінде 5 жыл жұмыс өтілі бар санаты жоқ арнайы орта білімі бар тәрбиешінің жалақысын ұлғайтуды қарастырамыз. Мәселен, егер 1 маусымға дейін ол 58 984 теңгені құраса, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 76 114 теңгені құрайды, бұл жерде жалақы өсімі - 17 130 теңгені немесе 29% құрайды» делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жалақыны арттыру денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1,1 миллион азаматтық қызметшілерге қатысты.

 

Жоғары қарай