Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қазақстан жолдарына ескі шиналардан жасалған қоспа қолданылады

2019 жылдың 28 маусым 2019 22:34

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жол сапасын жақсартуға арналған жаңа технология сынақтан өтті. «ҚазжолҒЗИ» АҚ резеңке-асфальтбетонды қоспаны тәжірибе ретінде жолға төсеу ісін жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» жол құрылысында резеңке үгіндісін қосымша композициялық шикізат ретінде қолданудың пайдасын анықтаған.

«ҚазжолҒЗИ» мамандары резеңке үгінділерін жол құрылысына шикізат ретінде пайдалануды ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеді. Нәтижесінде, резеңке -асфальт қоспасының нормативтік құжаты жасалды. Соның негізінде жол құрылысына тозған шиналардың үгінділерін пайдалануға кепілдік беріп отыр. Шұрық-тесік жолдарды жамай беруге қыруар қаражат шығармай осы материалдарды пайдаға асыру аса тиімді», - дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ жол құрылымдары және материалдары департаментінің директоры Ғалия Измайлова.

Ғылыми институт мамандарының айтуынша, резеңке-асфальтбетонды жабынды жолда жарық-сызаттарды болдырмайды, су өткізбейді, тығыз және автокөлік дөңгелектеріне де жайлы.

«Қолға алған жабаның мақсаты - сын көтермейтін жолдардың сапасын арттыру. Резеңке-асфальтбетонды қоспа түрлі температураларда төзімді. Жолдың үстінгі қабатының бұзылуына, жарықшақтардың пайда болуына қарсы тұрады. Сонымен қатар тозған дөңгелектерді кәдеге жаратуға жол ашып, қоршаған ортадағы экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді», - дейді департамент директоры.

Аталмыш жаңа технологияны сынақтан өткізу үшін резеңке қосылған асфальт 2017-2018 жылдары Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларының автожолдарына төселген болатын. Ұзындығы 500 метрді қамтитын учаске әдеттегі жолдардан қарағанда берік болатындығын көрсеткен. Тозығы жеткен көлік дөңгелектері жол құрылысына таптырмайтын шикізат екендігін халықаралық тәжірби және бүгінгі зерттеу қорытындысы көрсетіп отыр.

Авторы Алма Мұқанова

Басты сөздер: Құрылыс, Алматы, Аймақ,
Жоғары қарай