Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Қазақстан ОПЕК+ елдерін өзара диалогты қайта бастауға шақырды

2020 жылдың 10 сәуір 2020 09:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ОПЕК+ форматындағы министрлер жиыны барысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты қайта бастауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің келіссөздері бейнеконференция форматында өтті. Өз сөзінде ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан сындарлы диалогтың жақтаушысы болғанын және болып қала беретінін атап өтті.

«ОПЕК+ форматындағы мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты қайта бастау маңызды оқиға. Бүгінгі отырыс әлемдік мұнай индустриясы тарихында өз орнын алар деп есептеймін», - деді Ноғаев.

Ғаламдық экономикалық өсім баяулаған жағдайда мұнайға деген сұраныстың төмендеуі бағаның одан әрі төмендеуіне, сонымен бірге әлемдік мұнай өндірісінің төмендеуіне жағдай жасайды. Негізгі мұнай өндіруші елдер арасында үйлесімді іс-қимылдың болмауы онсыз да күрделі жағдайды қиындата түсуде.

Министр Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы бола отырып, әрқашан өз міндеттемелерін орындағанын атап өтті.

«Біз алдағы келіссөз қорытындысы бойынша оң нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттеміз. Бұл ретте әлемдік мұнай нарығындағы байқалған теңгерімсіздік тек ОПЕК+ елдерінің күш-жігері жеткіліксіз болатынын және жағдай нарықтың барлық қатысушыларының белсенді қатысуын талап ететінін көрсетіп отыр. Біз өз кезегімізде бүгінгі күн тәртібінің өзектілігін түсінеміз. Мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Он бір сағатқа созылған келіссөз нәтижесінде тараптар қандай да бір келісімге келе алған жоқ. Қазақстан өз кезегінде алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша коллективті ортақ шешім қабылданады деп үміттенеді. Бұл шара өз кезегінде мұнай индустриясына оң әсерін тигізеді.

Еске сала кетсек, Нұрлан Ноғаев бастаған қазақстандық делегация өткен айда Австрияда өткен ОПЕК+ бірлескен министрлік мониторинг комитетінің 18-отырысына қатысқан болатын. Онда әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыру жөнінде тиісті ұсыныстар қаралды.



Жоғары қарай