Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастықтың қадамдары айқындалды

2019 жылдың 19 қараша 2019 13:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2018 жылғы қыркүйекте Анкарада қол қойылды. Осы уақытқа дейін екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді.

«Түркия Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып саналады. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмеуі және оларда іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібінің болмауына байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданған болатын», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.

Атап айтқанда, қарастырылып отырған келісімнің мақсаты тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттар негізінде әскери ынтымақтастықты дамытуға негізделген. Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сондай-ақ басқа да мәселелерді көздейді.

«Осы келісімді іске асыру бойынша шаралар тараптармен бірлесіп әзірлеген Жылдық ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Келісімді іске асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді және екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына оң әсер ететін болады», - деді Т. Дәндібаев.

Талқылаудан кейін комитет мүшелері аталған заң жобасын Сенаттың жалпы отырысының қарауына енгізу туралы шешім қабылданды.

Жоғары қарай