Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан 2 келі героин алып өтпек болған күдікті ұсталды

2019 жылдың 4 шілде 2019 22:44 799

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кеден бекетінде 2 келі героин алып өтпек болған күдікті  ұсталды. Аса ірі көлемде есірткіні көліктен "Ламар" есімді иісшіл ит тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Мақтаарал АПБ-нің полицейлері Өзбекстан Республикасынан Қазақстан территориясына өтетін шекара аумағында  «Паутина»  жедел алдын алу іс-шарасын жүргізген.  «Паутина» іс-шарасын атқаруға Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері, Криминалдық полиция қызметкерлері және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы өкілдері жұмылдырылған.

Өзбекстаннан есірткі тасымалдаушы осы шара аясында ұсталған. Түнгі сағат 1:00-дер шамасында «Атамекен» кедендік бақылау бекетінен полицейлер «Нексия» көлігін тоқтатады. 

Көлік жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында одан күдік туғызған әрекеттер байқалған. Осы кезде кеден бекетіндегі Ламар атты ит тынымсызданып, көлікке ұмтылған.  Иесіне белгі бергеннен кейін сақшылар көлікте бір кінәраттың барын сезеді. Осылайша құжаттарында еш кемшілік болмаған жүргізуші көлікке мініп кетпек болған сәтте, көлікке қарай Ламарды босатады.

Тәжірибелі ит көліктің астыңғы жағынан «багке» жапсырылып жасалған құпия темір қалтаны табады. Тексеру кезінде жүргізуші автокөлігінің жанармай құятын «багының» жанынан құпия қалта жасатып, соның ішіне әлгі есірткі тектес затты жасырып қойғаны анықталған. Бактан  есірткі тектес зат салынған 2 орама алынып,  сарапта қорытындысы бұл заттың 2 кг «героин» екендігін дәлелдеді.

 " Мақтаарал АПБ-не ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабымен «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынды. Тергеу барысында белгілі болғандай ұсталған азамат көршілес елдің жергілікті тұрғыны болып шықты. Ол бұрын соңды сотты болмаған, отбасылы азамат екені анықталды. Жауап алу барысында  күдікті өзінің танысының тапсырысы бойынша есірткіні шекарадан алып өтпекші болғанын айтқан. Еңбекақысы ретінде танысынан қомақты қаржы алатын болып келіскенін жеткізген.

Қазіргі таңда күдікті азамат уақытша қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жалғасуда" делінген хабарламада.

 

 

Жоғары қарай