Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 402.37
EUR 449.81
RUB 5.86
CNY 56.67

Қазақстан мен Өзбекстан еңбекші мигранттардың құқықтарын қорғау туралы келісімге келді

2020 жылдың 9 сәуір 2020 12:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы еңбекші мигранттардың еңбек қызметі және олардың құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады.

«Келісімге 2019 жылы 15 сәуірде Ташкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары барысында қол қойылған болатын. Келісімнің мақсаттары - тараптардың мемлекеттеріндегі көші-қон ағындарын реттеу және заңсыз еңбек қызметін болдырмау жөніндегі шараларды жүзеге асыруы. Келісімді ратификациялау екі елдің арасындағы еңбек көші-қоны процесін реттеу саласындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді деп санаймыз», - деді ол.

Келісімге сәйкес, еңбекші мигранттар қабылдаушы мемлекеттің заңдары мен еңбек шартының талаптарына сәйкес демалуға, айналасындағы адамдар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы болады. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне кірмеген медициналық қызметтер ақылы негізде немесе ерікті медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.

Еңбекші мигранттардың төлемі мен басқа да еңбек жағдайлары қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жұмыс берушімен еңбек шартында реттеледі. Бұл ретте еңбекақы төмен болмауға, ал еңбек жағдайлары қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына қарағанда қолайлылығы жағынан төмен болмауға тиіс.

Заң жобасы талқыланғаннан кейін сенаторлар оған бірауыздан қолдау білдіріп, құжат қабылданды.


Жоғары қарай