Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Қазақстан мен Қытай кедендік ақпараттарды онлайн режімде алмасады

2019 жылдың 26 сәуір 2019 19:44 836

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚХР-дің Бас кеден басқармасы екіжақты ынтымақтастықтың жедел сипаттағы бірқатар құжатына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейжіңде өтіп жатқан "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейдегі екінші форумы  аясында сыртқы сауданың кедендік статистикасы саласындағы ақпараттармен алдын ала алмасу, әдістемелік және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы хаттама, сонымен қатар өкілетті экономикалық операторларды өзара тану туралы меморандум рәсімделді.

Құжаттарға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев пен ҚХР Бас кеден басқармасы төрағасының орынбасары Ли Го ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек пен ҚХР Бас кеден басқармасының төрағасы Ни Юэфэннің келіссөздері аясында  қол қойды.

"Екі елдің кеден қызметтері онлайн режімде жүктер туралы, оның ішінде кедендік құны туралы ақпараттарды өзара беруге уағдаласты. Бұл тарихи шешім. Мұндай өзара іс-қимылдың басты міндеті кедендік статистика мәліметтеріндегі айырмашылық деңгейін төмендету болып саналады", - деді М.Сұлтанғазиев.

Оның атап өтуінше, өкілетті экономикалық операторларды өзара тану туралы меморандумға қол қою үшін соңғы 5 жыл бойы жұмыс жүргізілген. Кедендік рәсімдеу және бақылау процедураларын жеңілдету Қазақстанның өкілетті экономикалық операторларына Қытайдың үлкен нарығына  шығуын жеңілдетеді, импорт, экспорт және логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа мүмкіншіліктер ашады. Сол арқылы  Қазақстан экономикасының мұнан ары тұрақты дамуына жағдай жасайды.

Ауыл шаруашылығы өнімдері үшін "Жасыл дәліз", бірлескен кедендік бақылау және алдын ала ақпараттандыру сынды маңызы зор жобалар аясындағы екі елдің кедендік қызметтерінің ынтымақтастығы кедендік қызметтердің арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып қана қоймай, сонымен бірге "Нұрлы жол" мен "Бір белдеу, бір жол" бастамасын тиімді ілгерілетуге де мүмкіндік береді", - деді М. Сұлтанғазиев.

 

 

Жоғары қарай