Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Қазақстан мен Кипр ынтымақтастығының маңызды мәселелері талқыланды

2019 жылдың 15 мамыр 2019 13:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз ашықтық пен өзара түсіністік рухында Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен өте табысты келіссөздерді өткіздік. Келіссөздер барысында біз екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқыладық. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда нақты жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылдың ортақ ұстанымдарына қол жеткіздік», - деді Бейбіт Атамқұлов кездесуден кейін тілшілер үшін өткізген жиында.



Ведомство басшысы өз сөзінде Қазақстан Кипрді дәстүрлі түрде Оңтүстік Еуропа аймағындағы маңызды серіктестердің бірі санайтынын атап өтті.

«Біз өзара саяси іс-қимылымызды одан ары тереңдетуге деген ұстанымымызды растаймыз. Никосия Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы, БҰҰ-дағы және басқа да халықаралық алаңдардағы халықаралық және аймақтық бастамаларын тұрақты негізде қолдайды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, екі ел арасындағы әріптестіктің әлеуеті мол бағыттары ретінде энергетика саласы, құрылыс, инновация, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туримз салалары болып саналады.



«Қазақстан-Кипр қарым-қатынастарының спектрі біз қозғаған мәселелермен шектеліп қалмайды. Біздің қол жеткізген уағдаластықтарымыз өзара ынтымақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», - деп түйді Бейбіт Атамқұлов.

Өз кезегінде Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Христодулидис Қазақстан тарапымен қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумдар екі елдің арасындағы диалогты жақсарта түсетінін атап өтті.

«Ортақ мүдде үшін бұл меморандумдардың маңызы зор. Бүгінгі күні мен әріптесіме (Бейбіт Атамқұлов - авт.) әртүрлі саладағы қарым-қатынасты нығайту үшін арнайы жол картасын әзірлеуді ұсындым. Әріптесім қолдап отыр. Екіжақты қарым-қатынас жасаудың мол әлеуеті бар», - дейді Кипр министрі.



Кездесу соңында екі елдің министрлері ынтымақтастық және екіжақты саяси кеңес туралы меморандумға қол қойды. Ал кешке ҚР пен КР Үкіметтерінің екі жақты салық салуды болдырмау, салықтан жалтаруды алдын алу туралы Конвенциясына қол қойылады.




null

Жоғары қарай