Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

Қазақстан мен Германия еліміздегі неміс этносын қолдау мәселесін талқылады

2018 жылдың 29 маусым 2018 22:46 70

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Герман үкіметаралық комиссиясының 16-отырысына қатысушылар Қазақстан мен Германия ҚР-дағы этникалық немістердің ұлттық және мәдени бірегейлігін сақтау және одан әрі дамыту үшін тиісті жағдайды жан-жақты қамтамасыз етуге дайын деген қорытындыға келді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.  

Отырыстың күн тәртібінде «Возрождение» қазақстандық неміс бірлестігі» қоғамдық қорын және Қазақстандық неміс жастары одағын қолдау, сондай-ақ олардың Германиядағы серіктес ұйымдармен өзара әрекеттесу мен қазақстандық оқу орындарында неміс тілін дамыту мәселелері қаралды. Оған қоса  тараптар аграрлық саясат, экономика, қосарлы білім беру және ауылдық жерлерде цифрландыру негіздерін дамыту бойынша ҚР мен ГФР арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Қазақстан тарапынан Комиссияның тең төрағасы, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қазақстандық немістер мен Қазақстаннан Германияға қоныс аударған немістердің ерекше рөлін атап өтті.

«Олар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда белсенділік танытады деп сенеміз, сондықтан өзара байланысты жан-жақты қолдауға ұмтыламыз, өйткені олар екі мемлекеттің халқын жақындастыруға үлкен үлес қосуда. Оған қоса, бұл тұлғалар екі мемлекет арасындағы барлық бағыт бойынша ынтымақтастықтың тереңдеуі мен нығаюына ықпал ететін «жанды көпір» болып табылады», - деді Р. Василенко.

Отырыстың маңызды мәселелерінің бірі - Қазақстан азаматтары үшін виза тәртібінің жеңілдеуі болды.

«Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан 45 мемлекет, соның ішінде Германияның азаматтары үшін виза тәртібін біржақты алып тастады. Бұл қоныс аударушылардың Қазақстандағы жақындары мен туған-туыстарына жиі келіп тұруына мүмкіндік беріп, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынасқа жағымды серпін берді. Осыған байланысты неміс әріптестерімізді Қазақстан азаматтарына  виза беру тәртібін  жеңілдету мәселесін қарастыруға  шақырамыз. Бұл қалыптастырып жатқан «ынтымақтастық көпірін» нығайтуға және «people to people» мен «business to business» форматындағы өзара әрекеттестікке жаңа күш береді», - деді дипломат.

Министрдің орынбасары Комиссияның жаңа тең төрағасы, Федералдық үкіметтің уәкілі Бернд Фабрициусты жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, ҚР мен ГФР халықтарының игілігі үшін ары қарай өзара нәтижелі қызмет етуге үміттенетінін білдірді.

Б. Фабрициус өз баяндамасында Германия үкіметінің Қазақстандағы неміс диаспорасына мәдени-гуманитарлық жобалар арқылы, атап айтқанда, неміс тілін дамыту және танымал ету арқылы мақсатты қолдау көрсету ниетін атап өтті. Неміс саясаткерінің айтуынша, биыл бұл мақсатқа Германияның қаржылық көмегі 2,15 миллион еуроға дейін артады. Сонымен бірге, ол ынтымақтастықтың экономикалық аспектісін атап өтті, оның шеңберінде неміс диаспорасы өкілдерінің қатысуымен шағын және орта бизнеске (ШОБ) қолдау көрсетілмек.

Өз кезегінде «Возрождение» қазақстандық немістер қауымдастығы» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау 2017 жылғы Комиссияның отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы хабарлады. Сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі Комиссия жұмысына және Қоғамдық қордың қызметіне жан-жақты қолдау көрсететіні атап өтілді.

«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстандағы этникалық немістерге қолдау көрсетіліп жатыр, бірақ әлі де қиыншылықтар бар», - деді ол.

Оның айтуынша, қазақстандық немістердің ұлттық бірегейлігін сақтаудың ең өзекті мәселелерінің бірі - неміс тілін дамыту.

«Оқу жоспарына сай келетін өзекті заманауи оқулықтарды жасау қажеттілігі мен неміс тілінен сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі сияқты қиындықтарға байланысты неміс тілін оқытуды қалпына келтіруге қарағанда қазақстандық мектептерде неміс тілін оқытуды алып тастау оңай болып көрінді. Алайда, білім берудің мемлекеттік стандартына сай өзгерістерге сәйкес,  осы жылдан бастап 1-сынып оқушылары шет тілін, оның ішінде неміс тілін, таңдау құқығына ие болады деп күтілуде.  Оған қоса, Білім және ғылым министрлігі биыл «неміс тілі мұғалімі» мамандығы бойынша гранттардың санын 8-ден 50-ге дейін көбейтті», - деді ол.

 

  

 

 

Жоғары қарай