Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Қазақстан мен АҚШ байытылған уранды бірге кәдеге жаратпақ

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 19:24

ВЕНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ тарапы елімізде жоғары байытылған уранды кәдеге жарату бойынша бірлескен жұмыс жоспары жөніндегі мәлімдемеге қол қойды. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Ядролық қатерді төмендету жөніндегі жаһандық бастама шеңберінде қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында зерттеу реакторларын конверсиялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жұмыстың негізгі мақсаты – зерттеу реакторларын төмен байытылған уран отынына ауыстыру арқылы ядролық материалдарды таратпау.

Жобалар АҚШ ұйымдарымен бірлесіп іске асырылуда, олар осы күрделі міндеттерді орындайтын Қазақстан ұйымдарының ғылыми-техникалық әлеуеті мен біліктілігінің жоғары деңгейде екенін атап көрсетті.

Жобаны іске асыру маңызын ескере отырып, АЭХА Бас конференциясының 63-ші сессиясы аясында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен АҚШ Энергетика департаменті министрдің ядролық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің әкімшісі Лиза Э. Гордон-Хагерти Қазақстан Республикасында жоғары байытылған уранды кәдеге жарату бойынша бірлескен жұмыс жоспары туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Аталған іс-шараның аяқталуы әлемдік қауіпсіздікті күшейтеді және Елбасы Н. Ә. Назарбаев бастаған бейбіт мақсатта даму бағытын растайды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Вена қаласындағы (Аустрия) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас конференциясының жыл сайынғы 63-ші сессиясына қатысып жатыр. Қазақстандық делегацияның құрамында ҚР Энергетика министрлігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ өкілдері бар.


Жоғары қарай