Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 328.95
EUR 386.38
RUB 5.27
CNY 51.50

Қазақстан Қытай, Иран, БАӘ және Сауд Арабиясына ауылшаруашылық өнімдер экспортын арттырады

2018 жылдың 4 қаңтар 2018 17:31 1557

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан агроөндірістік кешен (АӨК) өнімдерінің экспортын дамыту бойынша арнайы «жол картасын» әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз экспорт жағдайын зерттеп, мәселелерді шешу жолдарын табуды мақсат етіп қойдық. Бизнес, мемлекеттік қызметшілер, сарапшыларды жинап, түрлі талқылау жиындарын өткіздік», - деп жазды ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұржан Әлтаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.   

Экспорт мәселелерін зерттеуге сараптамалық құрылымдар мен ғалымдар да шақырылған.

«Экспорт дамуындағы мәселелерді зерттеу қорытындысына сәйкес,  АӨК өнімдерінің экспортын дамыту бойынша арнайы «жол картасын» әзірлеп жатырмыз», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта Қазақстан бұрын-соңды экспорт жасалмаған жаңа нарықтарды тапты. Атап айтқанда, Қытаймен балық шаруашылығы, асыл тұқымды жылқылар, қой еті, бал, астық, сойыс малы бойынша хаттамаға қол қойылған.

«2018 жылы сиыр, шошқа еттеріне, дәнді дақылдардың (арпа, жүгері, күріш), дәнді-бұршақтардың (бұршақ, үрмебұршақ, маш), жем-шөптердің (жоңышқа), майлы дақылдардың (зығыр, рапс, мақсары) және бақша дақылдарының (қарбыз, қауын, кәді) кей түрлеріне талаптар келісіледі. Келесі жылдың қорытындысы бойынша, Қытайға экспорт көлемі 20%-ға артуы тиіс», - деп атап өтті вице-министр.

Иранмен Қазақстаннан қой және салқындатылған қой еттерін жеткізге арналған ветеринарлық талаптар бекітілген. 2017 жылы Иранға алғаш рет тірі қойлар мен қой еттері экспорттала бастады.

«Жаңа жыл басында сиыр еті мен мүйізді ірі қара малға арналған талаптар бекітіледі. Сондай-ақ, Иранға астық тасымалдауға салынған тыйымға қатысты ерекше талаптарды мақұлдаудан өткіздік. Бидай жеткізу бойынша «Продкорпорация» ҰК» АҚ мен ирандық компаниялар арасында келісімшарт бекітілді», - деп хабарлады Нұржан Әлтаев.

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен ет және ет өнімдерін жеткізу бойынша ветеринарлық сертификатты бекіткен. Нәтижесіне алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне мұздатылған сиыр еті экспортталды. Оның айтуынша, келесі жылы БАӘ-ге мал шаруашылығы өнімдері экспортын 30-50%-ға арттыру көзделіп отыр.

Сауд Арабиясына қатысты біздің мемлекет ұсақ және мүйізді ірі қара малды және сиыр, қой еттерін жеткізуге салынған шектеуді алып тастады. Енді жаңа жылда ветеринарлық сертификат бекітіліп, мал шаруашылығы өнімдері экспорттала бастайды.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрінің хабарлауынша, 2016 жылмен салыстырғанда қазақстандық АӨК өнімінің экспорты 11 пайызға - 1580,3 млн доллардан 1758,2 млн АҚШ долларына дейін өскен.

 

 

Жоғары қарай