Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 375.90
EUR 426.65
RUB 5.82
CNY 55.99

Қазақстан Беларусьпен бірлесіп қарудың жаңа түрлерін шығармақ

2019 жылдың 21 ақпан 2019 12:36 677

АСТАНА. ҚазАқпарат -Парламент Сенаты жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісімнің негізгі мақсаты - екі елдің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсете отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту. Келісімді ратификациялау - экспорттау және импорттау операциялары кезінде туындайтын негізгі әкімшілік кедергілерді шешуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда әкелінетін әскери өнімді лицензиялаудан босатады және оларды жеткізу мерзімдерін қысқартады»,- деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Аманияз Ержанов.

Оның сөзіне қарағанда, екі ел арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрін жасауда бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіледі, сондай-ақ қолданыстағы техниканы жаңғырту шаралары ескерілген.

«Тараптар зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз ету және оны рұқсатыз пайдаланудың алдын алу шараларын қабылдауға міндеттеледі. Яғни, Қазақстан мен Беларусь кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық байланысы әскери-техникалық ғылымдарды дамытуды, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлері өндірісін жетілдіруге негізделген», - деді А. Ержанов.

Келісімді ратификациялау бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік салдарға әкеліп соқпайды.

Белгілі болғандай, еліміз мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында Беларусьтен тікелей әскери техника сатып алып жатқан жоқ. Алайда броньды техниканы, авиациялық техниканы жөндеу шаралары ескерілген.  Қазақстан өз кезегінде зеңбірек пен оған байланысты өнімдер жеткізеді.

Иллюстрациялық сурет

 

Жоғары қарай