Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 448.52
EUR 490.32
RUB 5.69
CNY 63.23

Қазақстан АӨК өнімдерін шетелге қаншалықты экспорттап жатыр

2020 жылдың 21 ақпан 2020 17:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Марс Алмабек Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорттық әлеуеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттырып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімін 2022 жылға қарай екі жарым есе арттыру туралы тапсырма берген еді. 2019 жылы АӨК саласындағы өнім экспорты 12,41 млн тоннаны құрап, сомасы 3,29 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға немесе 198 млн долларға артық», - деді Марс Алмабек ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде.

Комитет төрағасының сөзіне сенсек, былтыр агроөнеркәсіп саласындағы қазақстандық өнімнің 551 түрі әлемнің 72 еліне экспортталған.

«Экспорттық номенклатураның 50,2 пайызы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдеріне тиесілі. Экспортталатын өнімдердің тізімін ұзартуға ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандырып, қайта өңдеу ісін жетілдірудің арқасында қол жеткізіліп отыр. Қазіргі таңда әлеуетті нарықта қазақстандық АӨК өнімдерінің экспорты артып келеді», - дейді ол.

Комитет басшысы есеп бергендей, Қытайға бағытталған өнім экспорты - 50,5 пайызға (жалпы экспорт көлемі - 388 млн доллар), Парсы шығанағы елдеріне - 3,2 есе немесе 11,5 млн долларға (Катар, Кувейт, БАӘ, Сауд Арабиясы, Оман, Бахрейн), Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан) - 7,4 пайызға, ЕАЭО елдеріне 8,2 пайызға (598,0 млн доллар) өскен.


Жоғары қарай