Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Қазақ жігіті әлемдегі ТОП-10 компанияның бірінде еңбек етеді – Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

2019 жылдың 12 қазан 2019 14:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апта сайынғы шолуын ұсынады.

Қазақ жігіті әлемдегі ТОП-10 компанияның бірінде еңбек етеді – kaznews

Осы аптада Моңғолияның kaznews.mn ақпараттық порталында «Temburong bridge» жобасы аясында Бруней-Даруссалам еліндегі кореялық »DAELIM» компаниясында, кейін қытайлық «China state construction» компаниясында геодезия инженері қызметін атқарған Озатұлы Ерғұланмен сұхбат жарияланды.




Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Моңғолия қазағы Ерғұлан 1993 жылы дүниеге келген. 2011 жылы Өлгий қалалық «Бастама» орта мектебін, 2015 жылы ҚХР-дың Шан Донг өлкесі, Шинг Дао қаласының Шан Донг техникалық университетін геодезиялық инженер мамандығы бойынша бітірген.

Сұхбатта Озатұлы Ерғұлан Бруней-Даруссалам Сұлтандығына қалай барғаны туралы баяндайды. Ол алғашқы жұмысын Ұланбатыр қаласында халықаралық әуежай құрылысынан геодезиялық инженер болып бастаған. Оның айтуынша, бұл жобада көптеген елдердің компаниялары жұмыс атқарады. Сонда бірге жұмыс жасаған кореялық инженерлер Бруней-Даруссалам еліндегі «Temburong bridge» жобасына жұмысқа ұсыныс білдірген. Кореялық »DAELIM» компаниясы ол кезде жобаның көмекші компаниясы екен. Мұнда 1 жыл инженер болып қызмет етеді. Одан кейін негізгі атқарушы компания – қытайлық «China state construction» оны сол жобада қалуға шақырған.




«China state construction» – әлемдегі ең ірі 10 компанияның бірі. Менің жұмысқа шақырылуымның негізгі себебі – осы жобада жұмыс тәжірибемнің болуы және қытай тілін білуім. Қазір осы компанияда жобаның геодезиялық бас инженері болып жұмыс жасаймын. Жоба бойынша теңіз үстінен 30 шақырымдық көпір салынады. Қазір құрылыс жұмысының 87% атқарылды. Алдағы жылдың соңында бұл жобаны аяқтаймыз», - дейді жас маман Ерғұлан Озатұлы.

Жас инженер бұл көлемді сұхбатында тілшінің әртүрлі сауалдарына тиянақты жауаптар беру арқылы, қазақтарға бейтаныстау болып саналатын өз жұмысының қыр-сырынан көптеген мағлұматтар береді. Ең көп қолданылатын, пайдалануға құштар жұмыс құралы, бағдарламалары туралы айтады.

«...GPS- Hi Target, Leica TS-09 plus total station құралы және де DJI Phantom 4RTK маркалы дронын соңғы уақытта көп пайдаланамын. Жұмыс жағдайына сәйкес геодезия нүктесін анықтауда, жерді өлшегенде, аумақтың жағдайын бақылауда, теңіздің үстінде дронды көп қолданамын. Ал, ең көп пайдаланатын бағдарламамыз әрине, We chat, QQ», - дейді жас инженер.

Алтайқаласындашөп-дәрімұражайыашылды«Ағажай-Алтай» сайты




Қытайдың Алтай қаласында «Алтай тауы шөп-дәрі мұражайы» атты әмбебап мұражай ашылды. Шара ақысыз негізде өтуде.

Алтай тауы шөп-дәрі мұражайының салынып, іске қосылуының мақсаты дәрілік шөптің пайдасын және олардан дәріні қалай жасауға болатынын халыққа кеңінен түсіндіру болды, деп жазады kazakh.altxw.com ақпараттық порталы.




«Әмбебап мұражай 10 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Құрылыс аумағы 1700 шаршы метрге жеткен. Нысанда 3 үлкен көрме залы бар. Оған дәріге пайдаланылатын өсімдіктердің 500-ден астам фотосы, балауыздан жасалған өсімдіктердің 400-ден астам үлгісі, құмыраға шыланған өсімдіктердің 120 және өзге де заттардың 300-ге жық үлгісі қойылған. Бұнда дәрілік шөптің сыртқы пішіні, өсіпـжетілу ортасы мен гүлі, жемісі, тамыры, тұқымының дәрілікке пайдаланылатын бөлімі толық таныстырылған. Сонымен бірге, мұражайда аталған аймақтың аудан, қалаларында өсірілген жасыл экологиялық, жоғары сапалы дәрілік шөп өнімі, аймақ көлеміндегі дәрі зауыттарының табиғи дәрі өнімдері де көрсетілген», - деп жазады қытайлық БАҚ.




Бішкекте «Құтты білік» конференциясы өтеді - TRT




«Түркия Радио телевизия» порталының мәліметіне сүйенсек, Бішкекте түрік-ислам әлемінің ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабының 950 жылдығы аясында халықаралық конференция өтеді.

Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, осыған орай министр Азамат Жаманқұлов Халықаралық Түркі академиясының басшысы, профессор Дархан Қыдырәліні қабылдады. Кездесуде екі басшы «Құтты білік» конференциясын ұйымдастыру мәселесін талқылады.

«Президенттік аппарат баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент Сооронбай Жээнбековтің қабылдауында болғанда да «Құтты біліктің» мерейтойына байланысты өткізілетін шаралар және Түркі академиясының болашақтағы жоспарлары жөнінде әңгіме болған», - деп жазады түркиялық БАҚ.

Қандасымыз Қытай чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)




Ланжоу қаласында өткен Қытай чемпионатында 2019 жылғы күрес түрінен қазақ балуаны тағы да алтын медальға қол жеткізді. Бұл туралы осы аптада қытайдың CNR ақпараттық порталы хабарлады. Гансу өлкесінің балуаны Ерланбек Кәтейұлы еркін күрестен алтын медаль жеңіп алды. Қытайдағы балуандардың кіл мықтысын анықтайтын бұл жолғы республикалық байрақты бәсекеге 137 құрама, 1120 спортшы қатысқан. Тоғыз күн бойы 10 түрлі салмақ бойынша бақ сынаған чемпионатта қандасымыз 65 келі санатында бас жүлдені еншілеген.




Ерланбек 2009 жылдан бері Қытай чемпионаттарында жеңіс тұғырынан түспей келе жатқан балуан.

Айта кету керек, Ерланбек Кәтейұлы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Қызылтас қалашығында дүниеге келген. Ол 2010 жылы Қытай біріншілігінде 65 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанып, осы елдің Гансу өлкелік ұлттық құрамасына алынды. Әлемдік жарыстарда Қазақстан балуандарымен де бірнеше рет кездескен. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленді. Сол жолғы жарыстың бірінші айналымында ол қазақстандық Дәурен Жұмағазиевті жеңіп, ширек финалда үндістандық, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Йогешвар Дуттанға есе жіберді. Ал қолаға таласқанда солтүстік кореялық Кан Чин Хукты жеңді. Бұл Ерланбек Кәтейұлының халықаралық жарыстағы алғашқы медалі болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Ерланбек Қытайдағы қазақтар арасынан Олимпиадаға жолдама алған үшінші қандасымыз. Оған дейін грек-рим күресінен Әлнұр Төргеұлы, бокстан Қанат Ислам Олимпиадада Қытай атынан өнер көрсеткен болатын.

Өзбекстандық гимнаст Олимпиада рекордын жаңартты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




Спорт гимнастикасы бойынша жеті рет Олимпиада ойындарының қатысушысы ретінде рекорд орнатқан Өзбекстандық спортшы Оксана Чусовитина Токио-2020 додасына да жолдама алды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, Германияның Штутгарт қаласында өткен спорт гимнастикасынан Әлем чемпионатында Оксана Олимпиада ойындарына сегізінші рет жолдама алып, өзінің кәсіби мансабындағы рекордты және Гиннес кітабындағы рекордты жаңартқан.

«Еске сала кетсек, Оксана Чусовитина 1992 жылдан бастап 2016 жылға дейін өткен жеті Олимпиаданың барлығына қатысқан. Бұл көрсеткіш Олимпиада тарихындағы үздік нәтиже болып, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын», - деп жазады uza.uz.

Фарсан қаласындағы сардар Асад Бахтияри қамалы - «Фарс» ақпарат агенттігі




Иран аумағында тарихи-мәдени орталықтар жиі кездесіп жатады. Сондай тарихи орталықтың бірі – Асад Бахтияридің қамал-сарайы. Жүз жылдық тарихқа ие сардар Асад Бахтияридің қамал-сарайы Францияның заманауи сәулет өнерінен шабыт алып, он тоғызыншы ғасырдағы еуропалық сарайлар стилінде салынған, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

Бұл қамал Чаһармахал Бахтияридағы Фарсан шаһрестаны Джунған қаласының тарихи ескерткіштері арасынан асыл жақұттай көзге түседі.

Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: БАҚ, Қандастар,
Жоғары қарай