Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады

2019 жылдың 24 мамыр 2019 15:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев экономикада жаңа мемлекеттік компанияларды құруға мораторий жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін экономикада жаңа мемлекеттік компанияларды құруға мораторий жариялаймын», - деді Президент мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, ұлттық компаниялар мен отандық бизнес өкілдері қатысқан Ұлттық инвесторлар кеңесінде.

Оның сөзіне қарағанда, экономикадағы мемлекеттің шекарасын нақты айқындау керек.

«Қиын-қыстау кездері мемлекет үнемі өзіне экономикалық өсімді қолдаудың жүктемесін алып келді. Экономиканың жүйелік бәсекеге қабілеттілігі жеке бизнес есебінен қалыптасатынын ұмытпау керек. Сондықтан экономикада мемлекеттің үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына дейін жеткізу мақсаты қойылған болатын», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, бұл өз кезегінде жеке инвестицияларға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді.

«Үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік компания үшін рұқсат етілген барлық қызметтің түріне ревизия жүргізуді және оларды қысқарту бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Жоғары қарай