Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамыту үшін қандай міндеттер қойды

2019 жылдың 24 тамыз 2019 19:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумының жұмысына қатысты.

Жиын барысында еліміздің туризм саласының даму барысын баяндаған Мемлекет басшысы мемлекеттің шұғыл түрде қолға алуы тиіс бірнеше мәселені атап өтті.

Президент еліміздің туризм саласын ілгерілетуде осыған дейін де аз іс атқарылмағандығын, енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз қажеттігін айтты.

«Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет»,-деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Ұлытаудың халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы қажеттігін жеткізді. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет.

Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі заман талабы.

«Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8% жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн ал, ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек . Туризм өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық» , деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда туризмді дамытудың жүйелі әрі нақты шарларын қабылдау қажеттігін ескертті.

Ол үшін Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс. Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек. Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс. Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек. Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет.

Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарының іске қосылуы – Ұлытау үшін өте маңызды. Теміржолмен қатар автожолдардың жағдайына көңіл бөлінгені өте қажет. Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жолдарды жедел ретке келтіру керек. Сонымен бірге Арқалық – Ұлытау автожолының ахуалы да күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Мемлекет басшысы сөзінде креативті және инновациялық шешімдердің көмегімен Қазақстанның туристік әлеуетінің ақпараттық қолжетімділігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету керектігін жеткізді.

Туристерді Қазақстан туралы әсіресе Ұлытау мен өзге де тарихи орындар туралы толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ете алатын қосымша немесе басқа бір кіріктірілген платформа жасау керек. Туризм индустриясынан келетін салмақты мультипликативті серпінді ескере келе бізге Қазақстанның барлық рекреациялық аумақтарында қонақүйлер мен тамақтану орындарын салу ісіне барынша кәсіпкерлерді тарту керек.

Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет.

Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек.

«Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев бұл киелі мекен «Тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан жері болған соң Ұлытау деп аталған» дейді. Сондықтан, ұлттың ұясы, бірліктің бесігі – Ұлытауды ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз»,-деді ҚР Президенті.

Жоғары қарай