Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Кремль сарайында кездесті

2019 жылдың 3 сәуір 2019 20:13

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Үлкен Кремль сарайында кездесу өткізіп жатыр. Екі елдің көшбасшылары келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, сонымен қатар өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптағы мәселелерді талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәскеуде қарсы алуыма рұқсат етіңіз. Сіз Мемлекет басшысы ретінде алғаш рет келіп отырсыз. Мемлекет басшысы лауазымына кірісуіңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз, өзіңіз де Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстарды осындай деңгейге көтеру үшін көп іс атқардыңыз», - деп атап өтті В.Путин.


Осы орайда ол бұл Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерен еңбегі екендігін баса айтты.

«Дегенмен, барлық команда осы мақсатта жұмыс істеді. Біз көп жетістікке жеттік. Біз тек серіктес қана емес, сонымен бірге халықаралық ұйымдар мен екіжақты тұрғыда да жақын одақтас екендігіміз сөзсіз. Қарым-қатынасымыз өте тиімді даму үстінде. Біз байыпты, айтарлықтай жетістіктергеқол жеткіздік, ол халқымыздың өмір деңгейіне әсерін тигізуде. Сіздің осындай өкілетті командамен бірге бүгінгі сапарыңыз біздің көпжоспарлы, көпжақты одақтастық қарым-қатынасымызды нығайту ісіне қызмет ететіндігіне сенімдімін. Қош келдіңіз! Сізді көргенім үшін қуаныштымын», - деді Ресей Президенті.




Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Қазақстан Президенті лауазымына кірісуімен құттықтағаны және осы жолғы сапарын ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді.
«Сіз қазір ғана оның елдеріміз арасындағы тату көршілікті қалыптастыру, нығайту және дамыту ісіне қандай еңбек сіңіргенін дұрыс айттыңыз. Бұған қоса, төменнен бастадық. 1992 жылы шартты дайындауға өзімнің де қатысқаным есімде және дәл сол құжаттан біз елдеріміз арасындағы одақтастық қарым-қатынасқа көштік», -деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Екатеринбургте қол қойылған Одақтастық және серіктестік қарым-қатынас туралы шарт екі елдің арасындағы барлық саладағы қарым-қатынасқа іргетас болғандығын баса айтты.
«Халықтарымыз арасындағы қол жеткізілген достық әлеуетін нығайту үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Дәл осындай қарым-қатынас мемлекеттеріміздің де, халқымыздың да ұлттық мүддесіне сай келеді», - деді ҚР Президенті.



Мемлекет басшыларының кездесуінен кейін ресейлік және қазақстандық тараптың кеңейтілген құрамдағы келіссөздері көзделген. Ресми сапар қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімде жасайды және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда.





Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясында ресми сапармен жүр.

Фото: www.akorda.kz

Видео: ҚР СІМ

Жоғары қарай