Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Қарттарды ең алдымен балалары мен немерелері құттықтаса екен – Сара Тасеменова

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 15:36

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында бүгінде 44 мың 151 зейнеткер тұрады. Қарттар күнінде олардың ешқайсы ұмыт қалмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Үлкенді сыйлап, құрметтеу – ежелден келе жатқан ата салтымыз. Биыл да осы мереке қарсаңында елімізде қарттарды қолдау айлығы ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысында 21 қыркүйек күні қайырымдылық сенбілігі өтті. Оған 550-ден астам кәсіпорын мен ұйым қатысты. Көптеген еңбек ұжымдары бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Ардагерлер кеңесі ұйымдастыру комитетінің шешімімен бұл қаражаттың 50% кеңестің есепшотына аударылса, қалғаны мекеменің ардагерлеріне қалмақ.

«Көрсетіліп жатқан көмекке алғысымыз шексіз. Есепшотқа түсіп жатқан қаражатты ең алдымен мұқтаж зейнеткерлердің қажетіне жұмсаймыз. Өте ауыр жағдайда тұрып жатқан қарттарымыз бар. Оларға дәрі-дәрмек, отын-көмір, тіпті, киім-кешекке дейін керек. Соңғы жылдары ауылдардан зейнеткерлеріміз көптеп көшіп келіп жатыр. Олар өз ұжымдарынан айрылып қалды, біз оларды мектептерге бөліп бердік. Мереке күні оларға оқушылар концерт қояды. Біздің азын-аулақ сыйлығымыз бар. Әрине, облыс орталығындағы барлық кәсіпорын-ұйымдар дәстүр бойынша өз зейнеткерлерін құттықтайтын болады», - дейді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сара Тасеменова.

Қазір Петропавл қаласында 44 мың 151 зейнеткер тұрады. 49 – Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангерлердің 280 жесірі, Ленинград құрсауының 6 тұрғыны және фашистік концлагерьлердің кәмелетке толмаған 16 тұтқыны тұрады. Тек Петропавлда ғана ардагерлердің екі жүзден астам бастауыш ұйымы бар.

«Қарт адамдарға ең бастысы көңіл ғой. Біз ардагерлер кеңесі қала тұрғындарынан ең алдымен өздерінің қарт ата-аналарына көңіл бөлуін сұраймыз. Мереке күні қастарынан табылса, қал-жағдайларын сұрап, уақыттарын бөлсе – балаларының тілеуін тілеп отырған ата-анаға одан артықтың керегі де жоқ», - дейді Сара Тасеменова.

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, 1 қазан күні облыс орталығында көптеген іс-шаралар өтпек. Жастар сарайында салтанатты мерекелік шара өтсе, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қайырымдылық спектаклі қойылмақ. Сондай-ақ мереке күндері ардагерлердің шахматтан спартакиадасы өтеді.

Зейнеткерлердің бұл іс-шараларға қоғамдық көлікпен тегін қатынауға мүмкіндіктері бар. Бұған дейін «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының дәстүрлі акцияны биыл да жалғастыратынын айтқан едік.

Жоғары қарай