Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Қарқаралыда көпбалалы аналар бизнеспен айналысуда

2019 жылдың 22 қазан 2019 17:04

ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқапарт – Қарағанды облысында көп балалы аналар мемлекет қолдауымен өз бизнесін дамытуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Меруерт Сыздықова өз бизнесін кеңейтуде. Мемлекет тарапынан берілген көмек қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Ол алдағы уақытта буфет ашуды жоспарлап отыр.

«Менің 4 балам бар. Алдымен торттар мен бәліштерді отбасыма және қонақтарға пісірдім. Бірақ көп ұзамай тапсырыстар түсе бастады. Сол кезде мен өз бизнесімді ашуды шештім. Бүгінгі күні бізде барлық аудан бойынша үлкен ассортимент пен клиенттік база құрылды. Осылайша біз атаулы әлеуметтік көмектен бас тарттық. Жәрдемақының орнына өндірісімізді кеңейту үшін грант алуды шештік. Болашақта тамақтанатын шағын орталық ашсам деймін», - дейді Меруерт Сыздықова.

Гранттың тағы бір иегері Әсем Мамежанова кесте тігумен айналысады. Алынған қаражатқа ол тігін машинасын сатып алды.

«Мен 40 жастамын және бес балам бар. Кестемен бұрыннан айналысамын, бірақ арнайы машинам болмады, бәрін қолмен жасауға тура келді. Бұл көп уақыт алады. Енді жұмысым әлдеқайда оңай болады. Грантқа кесте тігетін машина сатып алдым. Жақында тапсырыс бойынша жәрмеңке үшін алжапқыш тіктім. Тапсырыс барлық ауданнан келіп түседі. Балаларым маған көмектесуде», - дейді көпбалалы ана Әсем Мамежанова.

Жыл басынан бері Қарқаралы ауданында осындай қаржылай көмекті 110 кәсіпкер алды, оның 8-і көп балалы отбасылар.

«Биылғы жылдан бастап ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін өз ісін және бизнес-идеяларды дамытуға гранттар қарастырылған. Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Біздің ауданымыз бойынша осы жылы 110 кәсіпкер 54 млн 287 мың теңгеге қаржылық көмек алды. Олардың 8-і көп балалы отбасылар, 5-і жұмыссыздар, 5-і аз қамтылғандар, 5-і мүмкіндігі шектеулі адамдар және 87 жас кәсіпкерлер. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Қанат Бабайбеков.

Оның айтуынша, грант алған кәсіпкерлердің көпшілігі қаражаттарын мал шаруашылығын дамытуға жұмсамақ. Қалғандары қызмет көрсету, тамақтану, киім тігу және т.б. саласында қызмет көрсетуді көздеп отыр.

Қазір ауданда 439 отбасы атаулы көмек алуда. Олардың 6-ы жәрдемақы алудан бас тартып, өз ісін ашуға шешім қабылдады. Осыған байланысты гранттарға қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылуда.

Жоғары қарай