Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қарғысқа ұшырағандар қатарында емессіз бе- Өңірлік баспасөзге шолу

2019 жылдың 7 сәуір 2019 11:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Көкек келмей, көктем жоқ...- «Оңтүстік Қазақстан» газеті




null

«Сәуір айының ертеден келе жатқан қазақша аты - көкек. Оның себебі, көктемнің бір белгісі - көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілі. Бұл айда құстың үні ерекше байқалған» деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті. Ал сол қазақтың көкек айы сәуірмен неге ауысты? Газетте бұл туралы «ұшқалақ, жеңілтек, өз атын өзі шақыратын құстың аты жағымсыз мәнде айтылған соң сәуірмен ауыстырған» деген пікір келтіреді бұл соншалықты дұрыс та емес. Өйткені, дәл сол мақалада «Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Май мол болады деп көкек қонған бұтақты сүт құйған сабаға салып қояды екен» деген сөзі келтіріледі. Әйтсе де, қазіргі күні «көкек» неге «сәуір» болғаны туралы шындыққа сай келетін әңгімелер талай жазылып та, айтылып та жүр.

Мақалада айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты халық арасындағы өлеңдер, әңгімелер келтірілген. Осы кезеңде болатын табиғат құбылыстарына да тоқталыпты.

«Мәселен, бесқонақ - көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез, амал. Бұл әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, күн райы қанша тамылжып тұрса да малшы-шопандар жайлауға көшпеген. Өйткені, бұл кезде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр жаумай қалмайды. Сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амалды «қызыр қамшысы» деп атаған. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауып, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. «Тобылғы жарған» - сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл - тобылғы бүршік жарған, яғни, өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз. Сондай-ақ, қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауын-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңін отамалы деп атаған. Бұл кезде шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. «Отамалы оңына бақса, от алғанша өте шығады, ал, жаманына бақса, ойылған жұт болады» деген тәмсіл сөз содан қалған».

Мақаланы оқи отырып қазақтың көкек айын қайтару керек пе деген де ой келеді.

Қаратау - қазақ халқының алтын бесігі - «Арай» газеті




null

Газеттегі археология мәселелеріне арналған әңгіме-сұхбат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовпен болған екен. Әңгіме барысында тарих ғылымының өзекті мәселелері де қозғалыпты. Өңірдегі, соның ішінде, Шу бойындағы ерте заманғы қала жұрттары мен ұорымдары туралы да сөз болады. Шу өңірі мен Шу қағаны туралы аңыз әңгімелерді шындықпен жанастырады.

«Шу өңірінде жүргенімде қағанның қала жұртын іздедім. Қолымызда нақты дерек болмағандықтан оның ордасының орнын тап басып анықтай алмадық. Дегенмен де Македонский Сыр бойына келгенде Шу қаған жансыздарын жіберіп, жаудың әскери күш-қуатын біліп келуге жұмсапты. Жансыздар қырық күн ішінде Арал теңізіне жетіп, жаудың беталысын байқап, ол туралы қағанға баяндаған. Сонда Шу қаған әскерін кері шегіндіріп, жазық далада шайқасуға бел буған. Мезгіл күз болса керек. Шу өзені тасып, арнасынан асып, Сырдария мен Таластан әрең өткен Македонский Шу қағанмен бетпе-бет келуден тайсақтап, әскерін кері қайтарған көрінеді»

Сұхбатта осындай әр аңыздың астарында шындық жатқанына назар аудартылады. Шу ғана емес Баласағұн қалаларының орны да осы өңірде екені туралы пайымдар жасалады.

Шудың қаған атымен аталғанын, Мойынқұмның да Мойын қағанның есімімен аталғанын алға тартады.

Сіз «қарғысқа ұшырағандар» қатарында емессіз бе?..- «Ақтөбе» газеті




null

Мақала негізінен тазалыққа, тәрбиеге қатысты болып отыр. Ал ондай айналадағы тазалыққа бұрын әсіресе мектеп қабырғасында қатты мән беріліп, оқушылар соған үйренетін. Ал қазір ше?

«Қазір мектептерде балалар мұндай жұмыс істемейді. Оның барлығын тазалаушы қызметкерлер атқарады. Ал алда-жалда баламыздың мектепте еден жуғанын көріп қалсақ, аттандап шығамыз. Иә, бір жағынан бұл жұмысты атқаратын арнайы қызметкер бар екендігін әрі баланың мектепке тек білім алу үшін баратынын ескерсек, аттандауымыз да дұрыс шығар. Десек те, мұның екінші жағы да бар: біз баланы өзі білім алатын жерді таза ұстауға қалай үйретіп жүрміз? Бала дейміз, ересектер, өзіміз тұратын үйімізді, көшемізді, қаламызды, ауылымызды таза ұстауға тырысамыз ба? Иә, дейін десем, дей алмаймын. Себебі күн сайын көріп жүрген көріністер бұлай деуіме мүмкіндік бермейді...»

Рас, қазір айнала тазалығы үлкен әрі күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Қазақстанның қай қаласын алмасаңыз да сол бір көрініс - тасталған қоқыс, ласталған айнала. Автордың жазуынша, Еуропа мен АҚШ-та XVIII-XIX ғасырлар аралығында антисанитария «патшалық» құрып алғандықтан, миссионерлер «тазалық доктринасын» уағыздап, тазалықты «құдайға жақындау», ал салақтықты күнәға теңеген. Әйтсе де қазақ халқы тазалықтың пайдасын ежелден айтып кеткен. Ендеше бүгінгі тазалыққа қатысты «хәліміз» неге мүшкіл?

Сөз соңында автор тақырыптағы қарғыс туралы былай келтіреді: «Жаратылыс, яки қоршаған орта, Жер өзін-өзі ешқашан ластамайды, керісінше табиғи тұрғыда өзін-өзі тазартып отырады. Оны ластайтын біз, адамдар. Қоршаған ортаны ластамау туралы хадистерде «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар!» деген сөз бар. Ойланыңыз, сіз «қарғысқа ұшырағандар» қатарында емессіз бе?..»

Мерғалым қажы - «Сарыарқа самалы» газеті




null

Газеттің жазуынша, Павлодар облысындағы Ақсу қаласына таяу №6 ауылда шағын мұсылман зираты бар. Оның аумағында құлпытастар орнатылған бірнеше ескі молалар жатыр. Солардың ішінде ерекше маңызы бар бір қабір бар екен. Ол Павлодар-Ертіс өңірінен шыққан алғашқы қажылардың бірі Мерғалымдікі. Басындағы құлпытасында: «Хижра 1332. 22 Ражаб (1914 жылдың 2 шілдесі - автор). Бәйімбет руынан, Құттымбайұлы (әлхажәлхарамйн) Мерғалым Жанболатұлы, 81-інде пәниден бақиға сапар шекті» - деп жазылған екен. Бұл қабірдің иесі несімен ерекше? Мақалада осы туралы әңгіме болады.

Келтірілген деректерге қарағанда, Мерғалым қажы 1833 туып, 1914 жылы өмірден озған. 1888 жылы Мекке - Мәдинаға сапар шегеді. Сапарда ол - Ресей, Польша, Австрия, Венгрия, Болгария, Түркия, Пәкістан, Иерусалим, Египет арқылы Сауд Арабиясына жеткен. Мерғалым қажының жерленген жері туралы мына бір қызықты әңгімені маған №6 ауылдың тұрғыны Қаратай Әбенов деген кісі айтыпты: - Мерғалым қажы тірі кезінде өзін ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы Күрең бие деген жерге жерлеуді балаларына өсиет етіпті. Себебі ауылдың жанындағы жерлерді бір кездері «кәпірлер» келіп алады деген. Бірақ неге екені белгісіз, қажының өсиеті орындалмай, балалары оны 1914 жылы ауылының жанындағы қорымға жерлейді. Бір қызығы, осыдан 45 жыл өткен соң, құрылысшылар осы арамен сол кездегі үлкен құрылыс Ермак ГРЭС-іне жол сала бастайды. Жоба бойынша бұл жол қажы жатқан қорымның үстімен өтуі керек еді. Жергілікті тұрғындар бұл жөнінде құрылыс басшыларына қорымды айналып өтіңіздер деп өтініш жасаса да, жол құрылысы тоқтамай, зиратқа жақындап қалады. Бірақ бір күндері жер қазып жатқан экскаваторлардың әуелі біреуі, сосын екіншісі істен шығып қалады. Осылай бірнеше күн тұрған соң, құрылысшылар ақыры қорымды айналып өтеді»...

Мақалада Мерғалым қажының ауқатты ұрпақтары, олардың қасаң замандағы басына түскен трагедиялары туралы да жазылады. Деректерге қарағанда, қажы да оның балалары да өте ауқатты адам болған екен: шаруашылығында 1000 бас мал ұстапты, уезд аймағында Ертіс бойында дүкендері және Қоянды жермеңкесінде өзінің сауда орны болыпты. Қажының балалары бірі жұрт сөзін ұстаған би, бірі болыс болған да екен. Алашорда қозғалысына қолдау көрсеткен. Кейіннен осының бәрі үшін қудалауға түскен. Тұтастай алғанда мақала Мерғалым қажы мен оның әулеті бастан кешкен трагедиясына арналған.

Маңғыстаудағы шыңырау құдықтардың құпиялары - Маңғыстау» газеті




null

Маңғыстаудың киелi жерi - тек қазба байлықтары емес екені белгілі. Өйткені Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының iшiнде Маңғыстау ескерткiштерiнiң алатын орны ерекше. Осыған байланысты мақалада бір кездері осынау киелі өлкенiң саяси, экономикалық тiршiлiгiнiң негiзi болған құдықтар тарихы туралы жазылады. Зерттеуге қарағанда мұндай құдықтар тарихы сонау орта ғасырдан белгiлi бола бастаған.

«Маңғыстау-Үстiртте Қарақалпақ Республикасы мен Түрікменстан шекарасына дейiнгi жерлерде байырғы қыстақтар мен керуен жолдарының бойында құдықтар көптеп орналасқан. Олар ғасырлар бойы сақталып келген және көшпендiлердiң өмiр-тұрмысында үлкен қызмет атқарған. Маңғыстау мен Үстiрт құдықтарының денi таспен өрiлiп, жоғарғы ауыз жағы шегенделген».




null

Ғасырлар бойы осы өңiрдi жайлап-қыстаған халық өмiр көзi - құдықтың негiзгi 4 түрiн пайдаланып келген. Шыңырау - тереңдiгi 6 м-ден 65 м-ге дейiн жететiн құдықтар. Тайыз құдықтар - тереңдiгi 3-6 м-ден аспайды. Орпа - уақытша пайдалануға қазылатын тайыз құдықтар. Олар шегенделмейдi. Апан- жары құламалы кең етiп қазылған ең көзi жақын құдықтар.




null


null

Автор аңызға айналған, артына өшпес мұра қалдырған құдықшылар туралы да жазады. Мәселен, солардың бірі Бейнеубай Құлшарұлы 1864 жылы туған екен. Ол қай жерден су шығатынын бiлген керемет құдықшы, талай елдiң шөлiн қандырып, сауабын алған өте қабiлеттi, көрiпкел адам болыпты. Ерекше көрiпкелдiгi бар құдықшы 30 жылдары «көрiпкел», «молда» деген атағынан қорқып, бас сауғалап, Иран жерiне кетіп, сол елде көз жұмыпты.

Бейнеубай Құлшарұлы Маңғыстау ойы, Үстiрттен Дүңгiрлiк, Бесекөз-Тәңке, Күдерсу, Қарашқазған, Ұлы қыземшектегi, Дауысты, Киiкбай, Ұзын құдықтарын қазып, артына өшпес мұра қалдырған екен. Үстiрттегi Дүңгiрлiк құдығын Бейнеубай қазыпты.

Губернатор сыйлаған күміс құты - «Сыр бойы» газеті




null

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында Ыдырысовтар әулетінде ғасырдан аса тарихы бар құты сақтаулы тұр. Құтының сыртында «Оть Туркес­танского генераль-губернатора. 1882 г.» деген жазу қашалып жазылған екен. Сырты күмістен жасалған ыдыстың ішіне алтын жалатылыпты. Сондай-ақ, «Грачевь» деген жазу бар. Бұл ұстаның тегі болса керек.

«Бұл күнде төрінде сақтаулы тұрған жібек шапан сол күндерден естелік болып қалды. Ал, алтын жалатылған құтыдан әрбір мереке сайын әулет мүшелері жиналып, ырымдап су ішеді».

Қазіргі қоғам әкеге зәру - «Ortalyq Qazaqstan» газеті




null

Қоғамдағы әкенің рөлі бұрын қандай еді? Қазір қандай? «Ortalyq Qazaqstan» газеті қазіргі күні әкенің беделі құлдырап кеткенін айтып, әке тәрбиесіне назар аудартады. Отбасындағы «әкең біледі» мәселесіне тоқталып, оқулықтағы әке образының жоғалғанына алаңдайды. Мақала авторы Құнанбай мен Абай арасындағы әңгімеден бастап, әкеге, оның өнегесіне қатысты бірқатар мысалдарды алға тартады.

«Оқушы кезімізде әке образын «Ана тілі» оқулығындағы Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесінен таныдық. Ондағы әке қандай еді?! Жерде елеусіз жатқан жарты тағаның өзімен-ақ біраз нәрсені түсіндірмеп пе еді баласына. Біріншіден, әкенің тау тұлғалы бейнесін көз алдымызға әкелсе, екіншіден, оқулыққа деген қызығушылықты тудыратын бірегей шығарма еді. Естуімізше, бастауыш сыныптағы «Ана тілі» оқулығын «Әдебиеттік оқуға» ауыстырған екен. Жә, бізді жаңа оқулықтың ішінде жоғарыдағы шығарманың жоқтығы қынжылтты. Сонда «Ана тіліндегі» әке образын қайда жіберген?!»

Тобықтай түйіні ретінде автор қазақ қашанда әкені асқар тауға теңейтінін, ал «тауымыз шағылмасын десек, тағымыздағы әкені, өрге жүзейік десек, тағы да төріміздегі әкені құрмет тұтайық» деп жазады.

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Қоғам, БАҚ,
Жоғары қарай