Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Қарағандыдан ұшақпен алғаш рет қауіпті жүк шығарылды

2019 жылдың 22 маусым 2019 01:23

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласы қауіпті қалдықтардан тазартыла бастады. Алғаш рет жергілікті жеке компания оларды ұшақпен Францияға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық жекеменшік компания елдің ең ірі кәсіпорындарынан 70 тоннадан астам қауіпті қоқыстарды жинады. Полихлорланған дифенил бар жүк Лиондағы Treddi мамандандырылған зауытында жойылады.

Полихлорланған дифенилдер (ПХД) қоршаған орта мен адам денсаулығына аса қауіпті деп саналатын тұрақты органикалық ластағыштар тізіміне енгізілген өнеркәсіптік химиялық заттар болып табылады. Сондықтан құрамында ПХД бар жабдықпен қауіпсіз жұмыс істеу және құрамында ПХД бар қалдықтарды міндетті түрде қауіпсіз жою мәселелері ел үшін өте маңызды болып табылады.

- Біз Францияға құрамында ПХД бар қалдықтарды экспорттадық. Олар бізге еліміздің ірі кәсіпорындарынан жіберілді. Біз қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысатын мамандандырылған инженерлік компания ретінде, әрине, Қазақстанның ПХД сияқты қауіпті қалдықтардан құтылуына барынша күш салуға дайынбыз, - дейді қауіпті қоқыс жинаушы компанияның директоры Индира Нұртақанова.

Бұдан бұрын 2014 және 2015 жылдары БҰҰ даму бағдарламасы «Қазақстанда ПХД басқарудың кешенді жоспарын әзірлеу және орындау» шеңберінде Қазақстаннан ПХД-қалдықтарды шығару жүзеге асырылды. Содан кейін және осы сәтке дейін ешкім де осыған ұқсас әрекет жасамаған.

- Біз тұрақты органикалық ластағыштармен жұмыс істеу бойынша ел ауқымында осындай күрделі жұмыс жүргізген алғашқы жеке компаниямыз. Бүгінгі күні ПХД-ны тек ел ішінде ғана емес, сонымен қатар жақын орналасқан мемлекеттердің аумақтарында талап етілген технологиялар мен сол елдер арқылы транзитке тыйым салынуына байланысты қауіпті қалдықтарды жою мүмкін емес. Сондықтан Еуропаға әуе тасымалдау бірден-бір тәсіл болып қалады. Осыған ұқсас жұмыстарды үнемі жүргізуді жоспарлап отырмыз, - деп түсіндіреді Индира Нұртақанова.

Экспорт Қоршаған ортаны қорғау министрінің 24.02.2012 ж. №40-Ө «Тұрақты органикалық ластағыштармен және құрамында бар қалдықтармен жұмыс істеу ережесін бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылды.

Жоғары қарай