Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қарағандыда жедел жәрдем стансасын дұрыс салмаған мердігер сотта жауап береді

2019 жылдың 2 тамыз 2019 17:14 167

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда жаңадан салынып жатқан жедел жәрдем қосалқы стансасының құрылысына қатысты шу шықты. Мердігерлер анықталған ақауларды жөндеуден бас тартқандықтан, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы компанияны сотқа берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Майқұдық шағын ауданында жаңа жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салына басталды. Алайда, мердігерлердің жұмысынан кемшіліктер табылған. Ендігі кезекте тапсырыс беруші сот арқылы аталмыш олқылықтарды жоюды талап етіп отыр.

«ТехСтройСнаб ЛТД» ЖШС жылына 25-50 мың шақыртуға шыға алатын жедел жәрдем қосалқы станциясының құрылысын конкурста жеңіп алды. Бастапқыда мердігер бөлінген сомадан 33% көлемінде үлкен жеңілдік берген болатын. Компания 353 млн теңгеге нысан салуды қолға алды. Нәтижесінде үнемдеу салдары сапаға әсерін тигізді. Құрылыс 2018 жылдың шілде айында басталды. Жұмыс барысында техникалық тексеру қорытындысы бойынша ақаулар анықталды», - деді Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ниязбек Бейсембаев.

Тексеріс нәтижесінде әкімшілік-тұрмыстық кешеннің ғимараты нөлдік белгіден 30 см төмен отырғызылғаны белгілі болған. Сонымен қатар, қабатаралық жабындардың кірпіштері мен плиталары ғимараттың іргетасына қарай жылжи отырып, көлбеу төселген. ӘТК және гараж ғимараттарының осьтерін бөлу жобадан ауытқып орындалған.

Осының барлығы құрылыс сапасына кері әсерін тиігізген. Ең бастысы – құрылысқа ешқандай кепілдік пен сенімділік жоқ.

Дәл осы мердігер компания осыған дейін Қарағанды қаласының Майқұдық шағын ауданындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенде де олқылықтар жіберген. Бұл нысанға қатысты 2019 жылы сот үкімі шығып, аталмыш құрылысшылар мемлекеттік сатып алуға қатысатын алақолдар тізіміне енген.

Енді олар кезекті құрылыс нысаны бойынша тағы да сот қарауына түседі. Мердігер компания өз еркімен аталған ақауларды жөндеуден бас тартып отыр.

«Қабылданған шарттық міндеттемелерге теріс пиғылмен қарап, құрылыс мерзімдерін сақтамай, құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын орындамай, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын сапасыз орындауына байланысты сотқа талап арыз берілді. Біз ескертулерді жойып, нысанды жобаға сай келтіруді талап етеміз. Сот отырысы 6 тамызға белгіленді. Бұған қоса, орын алып отырған жайттарға байланысты мердігерлер өз кезегінде жауапкершіліктен жалтарып, жобаны түзетуді талап етпекші», - деді Ниязбек Бейсембаев. 

Жоғары қарай