Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Қарағандыда қызметін атқарып тұрған полицейге 4 жасар қызы тікелей эфирде хабарласты

2020 жылдың 2 сәуір 2020 19:03

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласындағы телеарнаның журналисі блок бекетте қызметін атқарып тұрған полицейге тосынсый жасады. Қызмет бабымен үйіне сирек баратын полицейге тікелей эфирде кішкентай қызы хабарласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«SARYARQA» аймақтық телеарнасында республикалық «Алматы-Екатеринбург» тасжолындағы блокбекеттің жұмысы туралы репортаж шықты. Телеарна тілшілері медицина қызметкерлері мен полицейлерден төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істеп жатқаны туралы сұраған болатын. Себебі дәл осы мамандық иелері коронавируспен күресте алдыңғы шепте тұр. Жол-патруль полиция қызметкері, полиция аға лейтенанты Әсет Қайратов ТЖ режимін енгізгеннен бері қызмет атқарудың күшейтілген түріне ауысқанын және отбасын сирек көретінін айтқан. Тәртіп сақшылары демалыссыз және тәулігіне 12 сағаттан жұмыс атқаруда.

Полицей журналистің «Отбасыңызды қаншалықты жиі көре аласыз?» деген сұрағына «Өте сирек көремін. Таңертең қызметке кетіп бара жатқанда қызым әлі ұйықтап жатады, кешке қайтып оралғанда әйелім баламды ұйықтатып жатады» деп жауап берді.

Тәртіп сақшысының бұл сөзінен соң журналистер оған тосынсый жасады. Тікелей эфирде оған 4 жасар қызы Айлин хабарласты.

«Әкешім, сен таңертең де, кешке де жұмыстасың. Үйге қашан ораласың? Мен сізді қатты сағындым!» дейді ол.

Әкесі оған «Мен де сені қатты сағындым. Қызым, мен де сені қатты жақсы көремін!» деп жауап берді.

Полиция аға лейтенанты Әсет Қайратов күтпеген жерден осындай тосын сый оны қатты толқытқанын жеткізді. Полиция қызметкері журналистерге қиын кезеңде оған осындай бақытты сәт сыйлағаны үшін алғысын білдірді.



Жоғары қарай