Ауа райы
Нұр-Сұлтан 22 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

Қарағандыда құтқарылған бөлтіріктерге «Тақталас» фильміндегі бөрілердің аттары берілді

2019 жылдың 29 сәуір 2019 22:08 817

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында браконьерлерден құтқарылған бес бөлтірікке «Тақталас» фильміндегі бөрілердің аттары берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 24 сәуірде болды. Жануарлар әлемін қорғаушылар біреулердің қасқырдың апанынан жаңа туған бөлтіріктерді алып кеткенін анықтаған. Кейін құқық бұзушылар өздері әлеуметтік желілердегі парақшаларына қасқырдың күшіктерін апаннан алып шығып жатқаны түсірілген бейнежазба салған. Олар бөлтіріктерді сатпақшы болған.  

Браконьерлерге ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушыларға 30 АЕК (75 750 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Қазір «Сарыарқа» Агроөнеркәсіптік холдингінің қорықшысы Темірхан Базылов бөлтіріктерді қамқорлығына алған. Дәл осы кісі қасқырдың күшіктеріне ерекше атау бергісі келген.

«Темірхан Базылов «Тақталас» телехикаясын көреді. Браконьерлерден қасқырдың күшіктерін тәркілеу кезінде біздің қызметкерлермен бірге Темірхан да болды. Сол кезде ол бір серияда басты кейіпкерлердің бірінің балалары бөрінің күшіктерін тауып алатын бір эпизод бар екенін еске түсіреді. Сол кезде мұны бір сәйкестік деп шешкен», - деді Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемінің аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Абай Әлжанов.

Телеэпопеяда барлық көкжал бөрілердің тағдыры қайғылы болды. Соған қарамастан, құтқарушылар жаңа туған күшіктерге ешқандай қауіп төнбейтініне сенімді. Қазір бөлтіріктерге бір апта болды. Олар толығымен сау, сүт ішеді және жақын арада көздерін ашуы тиіс.  

Күшіктер өсіп, аяқтанған кезде мамандар оларды не еркіне жібереді, не  агроөнеркәсіптік холдингте қалдырады. Ол жануарлардың денсаулығына байланысты болмақ.

Қазір Қарағанды облысында қасқырлар саны 400-ге жетті. Оларды айлауға тыйым салынған. Бұл жыртқыштарды тек малға немесе адамдарға шабуыл жасаған жағдайда ғана атуға рұқсат етіледі.

 

 

Жоғары қарай