Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Қарағандыда Алғыс күніне орай этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосты

2020 жылдың 26 ақпан 2020 12:51

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Алғыс күніне арналған «Сарыарқа – достықтың мекені» атты кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге балалар үйінің, интернат тәрбиеленушілері, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары, еріктілер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері шақырылды,

«Алғыс күніне орай біз «Сарыарқа – достықтың мекені» атты кездесу өткізуді шештік. Бұл күннің түп негізі біздің тарихымызда жатыр. 30-50 жылдардың тарихын еске түсірсек, бұл ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары. Осы жылдар ішінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Қазақтардың өздерінде қиын жағдай болғанына қарамастан, олар қудалауға ұшырап, осы жерге ауып келгендердің барлығын жылы қабылдады. Сондықтан Алғыс айту күнінің идеясы – тарихқа сүйене отырып, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың төзімділігіне, бір-бірін құрметтеуге, Қазақстанда тұратын халықты құрметтеуге үйрету», - дейді экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Өтебаева.

Мұражайда атап өткендей, «Өз тарихын есте сақта және мақтан ет!» - бұл Алғыс айту күнінің негізгі ойының бірі.

«Мұнда жастар көп жиналды. Алғыс айту күні – қазақ халқына, қазақ жеріне үлкен алғыс айту күні. Бұл мереке неге бекітілді? Жастарға тарих туралы айтып, бір-бірін құрметтеуге үйрету үшін. Аға буын қандай қиындықты бастан кешіргенін білуі тиіс. Жас ұрпаққа мұны түсіну қиын. Барлық қиындыққа қарамастан олар адамдық қадір-қасиетін сақтай алды, бір-біріне мейірімді болды. Қазақ халқы өзінің мейірімділігін, қонақжайлылығын және даналығын көрсетті. Біз, осындай халықтың бар екеніне, осындай жер бар екендігіне, біздің ортақ үйіміз Қазақстанға алғысымыз зор», - деді Беларусь мәдени орталығының өкілі Нина Мисоченко.

Сонымен қатар кездесу аясында мұражай қорынан көрме ұйымдастырылды. Онда ұлттық киім, түрлі халықтардың тұрмыс заттары қойылған. Сондай-ақ, Қарағанды ұлттық-мәдени орталықтары дәстүрлерін, ұлттық киімдер мен ұлттық тағамдар көрсетті.

Қазақстанда Алғыс айту күні 2016 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен бекітілді.























Жоғары қарай