Ауа райы
Нұр-Сұлтан 19 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Қарағандыда 101 жастағы әжейге күрделі ота жасалды

2019 жылдың 5 сәуір 2019 18:31 1138

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Егде жастағы әжеге күрделі отаны Х.Мақажанов атындағы Травматология және ортопедия облыстық орталығының дәрігерлері жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Біз оң жақ жамбастағы жіліктің буынын эндопротездеу жасадық. Отаның күрделілігі науқастың жасының 101-де болуына байланысты еді. Негізінде, ота жоспарлы түрде, қандай да бір асқынусыз сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқас бастапқы оңалту курсынан өтуде. Алдағы уақытта біздің стационарымыздағы емдеу аяқталғаннан кейін науқасты қалпына келтіру және оңалту бөлімшесіне ауыстыруды жоспарлап отырмыз», - деді Шұғыл травматология бөлімшесі меңгерушісінің м.а. Павел Салдин.  

Қазіргі уақытта 101 жастағы Нұрила Байтасованың жағдайы бір қалыпты. Ол дәрігердің айтқан ортопедиялық режімді сақтайды. Аталмыш режімде әжей оң жамбасына қатты салмақ түсірмей, арнайы құрылғымен жүреді, ортан жіліктің ұршығын 90 градустан артық бүкпеуі тиіс.

Кейуананың немересінің айтуынша, әжей жамбасын сындырып алғанға дейін еркін жүріп-тұрған. Ол намаз оқып, немерелері мен шөберелеріне қонаққа бара алатын болған.

Айта кету керек, Нұрила Байтасованың 6 баласы, 30 немересі, 60 шөбересі мен 6 шөпшегі бар.

Дәрігерлердің айтуынша, әдетте мұндай жарақаттар физиологияға, анатомияға және жасына қарай қарияларға тән болады. Мұндай оталар жасалатын емделушілердің орташа жасы 70-тен басталады. Мақажанов атындағы клиниканың дәрігерлері ортан жіліктің жамбасқа бекитін ұршығын ауыстырған ең қарт емделуші 106 жаста болған екен.  

«Неліктен эндопротездеуді таңдаймыз? Себебі 101 жастағы науқастың ортан жіліктегі ұршығы сынғанда, оның қайта бітіп кету ықтималдығы өте төмен, яғни 50% - дан аз. Асептикалық некроз қаупі де өте жоғары. Және емделуші төсекке таңылып қалуы мүмкін. Тіпті асқынуып кетуі ықтимад, нәтижесінде 70% жағдайда өлім-жітімге әкеліп соғады. Бұл операция күрделі, алайда ол ортан жілік ұршығының сынуына қатысты барлық тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді. Отас жасалғаннан бірер күннен соң мұндай науқастар жүріп кетеді», - деді Павел Салдин.

Дәрігерлердің айтуынша, келесі аптада Нұрила Байтасова үйіне шығарылады. Науқастың туыстарына сақталуы керек талаптар түсіндіріліп, қажетті консультация берілді. Сондай-ақ дәрігерлер ортопедиялық режімді бұзбау керектігін ескертіп отыр. 

 

 

Жоғары қарай