Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қарағанды облысының әкімі су тасқыны қаупі бар ауылда болып қайтты

2019 жылдың 1 сәуір 2019 20:14

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов үш өзеннің ортасында тұрған Садовое ауылында болып, су тасқынынан қорғау жұмыстарының орындалу барысын бақылап қайтты, деп хабарлайда ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынының қарқын алу кезеңі басталды. Кешеден бастап Самарқанд қоймасынан су жіберу көлемі секундына 610 текше метрге дейін арттырылды. Ағынды су үш өзеннің ортасында орналасқан Садовое кентіне келіп жетті.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Қазіргі таңда құтқарушылар мен жергілікті биліктің басты міндеті - үйлерді су басудан сақтап, тұрғындарды қорғау үшін барлық шараларды қолдану.

2017 жылы Бұқар жырау ауданында Чкалово және Садовое кенттерінің айналасында ұзындығы 2-3,5 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды.

«Біз бұл шаралардың оң нәтиже бергенін көріп отырмыз. Судың көп келуіне қарамастан, үйлерді су басқан жоқ. Әзірге тұрғындарды көшіруге негіз жоқ. Бүгін су тасқынының қарқынды кезеңі енді ғана басталды. Алдағы бір-екі күнде бұдан да көбірек су келуі мүмкін. Біз Самарқанд су қоймасы бойынша дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Қажет болған жағдайда су ағызу ұлғайтылады, ол үшін резерв бар», - деді Ерлан Қошанов.

Садовое ауылында су сорғызу жұмыстары мен қорғаныс бөгеттерін нығайту жалғастырылуда. Оқиға орнында облыстық су тасқынына қарсы штабтың жылжымалы пункті орналасқан. Елді мекенге азаматтық қорғаныс және жергілікті атқарушы биліктің барлық күштері жұмылдырылды.

Облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың мәлімдеуінше, Садовое ауылында жеке құрамның 140 адамы, 35 арнайы техника (жүк тиегіш, самосвал, жол талғамайтын көлік, мотопомпа және т. б) жұмылдырылған.

Аталмыш елді мекенде 40-тан астам үй бар, онда 350-ге жуық адам тұрады.

Облыс аумақтарының басым бөлігінде қар еріп кеткен. Алайда Самарқанд, Шерубай-Нұра және Ынтымақ су қоймаларынан су ағызу жұмыстары ерекше бақылауда ұсталып отыр.

ТЖД ақпараты бойынша, Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарының өзендерінде 8 мұз жару шарасы жүргізілді. Қар суын бұру және елді мекендерді қорғау үшін 3,7 шақырым метр бөгет тұрғызылды және нығайтылды, 3,1 шақырым айналма арналар қазылды, 24,8 мың қап төселді, 57 мың текше метрден астам су сорғызылды, 950 тонна инертті материал пайдаланылды.

Жоғары қарай