Ауа райы
Нұр-Сұлтан 3 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 378.87
EUR 422.40
RUB 5.87
CNY 54.85

Қарағанды облысында жаңа басқарма басшысы тағайындалды

2018 жылдың 23 шілде 2018 20:12 324

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңадан құрылған ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасына алғашқы басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімінің  ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл қызметті 36 жастағы Рашит Белгібаев атқаратын болады.  Облыс әкімі Қарағанды облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметті көрсету және мұрағаттар басқармасының жаңа басшысын таныстырды. 

Белгібаев Рашит Төлеуғазыұлы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «ақпаратты өңдеу, компьютерлік жүйелер және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ол еңбек жолын Қ. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің Балқаш қалалық филиалында компьютерлік сынып зертханашысы ретінде бастаған. 2007-2009  жылдары Қарағанды облысының білім басқармасында «Ақпараттық теңсіздікті төмендету» мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі, №15 кәсіби лицейінің бағдарламалық қамсыздандыру бойынша инженері қызметін атқарған. 2010-2013 жылдары «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығында, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінде менеджер болған. Осы тағайындауға дейін ол Қарағанды облыстық білім басқармасының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жаңа басшыны құттықтап, оның алдына бірқатар міндеттер қойды.

«Сіздер білесіздер, өткен жылдан бастап Елбасының бастамасы бойынша үкімет «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіткен болатын. Цифрлық технологияларды енгізу - ол уақыт талабы. Біздің облыста сандық жүйеге ауысу бірнеше салаларда жүзеге асырылуда. Оның ішінде денсаулық және білім беру жүйелері де бар. Аталмыш жұмысты басқа да бағыттар мен салаларда белсенді ету қажет», - деді облыс басшысы.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы Қарағанды обысында 2018 жылдың мамырында құрылған еді.  Облыс әкімдігінің жоспарынша, ол халықтың цифрлық жүйедегі сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтеркөрсету тиімділігін жақсартуға септігін тигізеді.  

 

Жоғары қарай