Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Қарағанды облысында ұрланған 3 жасар бала неден қайтыс болған

2019 жылдың 11 қыркүйек 2019 11:38

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Сот-медициналық сараптама Қарағанды облысында ұрланған баланың өлімінің себебі туралы алғашқы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот-медициналық сараптаманың алдын ала мәліметтері бойынша, бала өліміне мойынның, кеуде қуысының қысылуынан туындаған механикалық асфиксия себеп болған. Қабырғаның сынуы, бас сүйегі мен мидың жабық жарақаты, бас сүйегі мен төбесінің сынуы, жұмсақ ми қабықшасына қан құйылу, оң жақ өкпенің жарылуы сияқты алдын ала диагноз қойылып отыр. Гистологиядан кейін толық мәлімет белгілі болады», - делінген Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, Қарағандыда 3 жасар бала ұрланып, оны іздеуге 200 полицей тартылған болатын. 5 қыркүйекте Бұрма ауылының 22 жастағы тұрғыны хабарласып, баласының ұрланғанын айтқан. Әйел ауылдағы дүкеннің маңында тұрған кезде оған қастық ойлаған 23 жастағы танысы күш көрсету арқылы қолындағы 3 жасар баласын белгісіз жаққа әкетіп қалған. Кейін оны ұрлаған күдіктіге республика бойынша іздеу жарияланған.

9 қыркүйекке қараған түні Қарағанды вокзалының алдында полиция кішкентай баланы өлтірді деген күдікке іліккен Игентай Кәрімұлы Сопыжановты ұстады.

Жоғары қарай