Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қарағанды облысында кітапхана қорлары цифрлық форматқа ауыстырылуда

2019 жылдың 2 тамыз 2019 21:49 220

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының кітапханаларында қорды цифрлау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шара құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және ақпарат көздеріне қашықтан қол жеткізу үшін қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші кезекте Өлкетану әдебиеті қоры цифрландырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Рухани Қазына» қосымша бағдарламасы аясында ақпараттық технологияларды дамыту жобалары іске асырылуда.

Кітапханалар мақалаларды цифрлық форматқа ауыстырып қана қоймай, толық мәтінді мәліметтер базасын, электронды кітапханаларды құрады. Бүгінде 53 мыңға жуық құжат цифрландырылды, бұл 164 мыңнан астам бет. Цифрланған құжаттар электрондық каталогқа тіркеледі. Қазіргі таңда 35720 өлкетану құжаттары байланыстырылған. Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасына өлкетану сипатындағы 396 кітап атауы берілді.

Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бірегей өлкетану ресурстарын өндірумен айналысуда. Ауқымды жоба облыстың әдеби атласын, «Қаз дауысты Қазыбек би» электрондық энциклопедиясын, облыстың Еңбек даңқы кітабын, өлкетану серуенін және тағы басқасын құруды қамтиды.

Өлкетану мерзімді басылымдары маңызды және құнды, бірегей және көбіне жалғыз ғана ақпарат көзі болып табылады. Сондықтан цифрлық технологиялар арқылы оларды сақтау өте маңызды.

Облыс кітапханалары мобильдік және интернет-технологияларды пайдалана отырып, кітапхана қызметтері мен сервистерін кеңейтеді.

Шахтинск орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Карлаг тарихы сандық форматта» жобасын жүзеге асырды. Бүгінгі таңда 30-шы жылдардағы газеттер цифрландырылды. Толық мәтінді мәліметтер базасы бар «сандық форматта Карлаг» электрондық каталогы құрылды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында елдің барлық кітапхана қорын 2022 жылға дейін кешенді цифрлауды аяқтау көзделген. Облыста үдерісті жеделдету үшін кітапханаларға планетарлық сканерлер сатып алу және штатқа цифрлық сала маманын қабылдау жоспарлануда.

Жоғары қарай