Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Қарағанды облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

2019 жылдың 22 ақпан 2019 03:55 1139

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Қарағанды облысының аумағында қар құрсауында қалған автожолдарда бірнеше құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 20 ақпан күні сағат 22:20-да Қарағанды қаласында ЖЭО-3 ауданында жолдың тазартылған учаскесіне қар құрсауынан 3 автокөлік шығарылды, 6 адам құтқарылды.

21 ақпанда сағат 04:11-де Жандарбеков көшесі бойындағы жолдың тазартылған учаскесінде қардан «Газель» маркалы автокөлігі шығарылды.
Сағат 05:21-де Қарқаралы ауданында жергілікті маңызы бар «Бақты - Бүркітті» автожолында бұзылған автокөліктен 2 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Адамдар Қарқаралы қаласына жеткізілді, олар медициналық көмекке мұқтаж емес.

Сағат 05:35 - те Осакаров ауданында облыстық маңызы бар «Киевка-Осакаровка» автожолының 78 шақырымында қалың қарда қалып қойған автокөліктен Осакаровка кентіне 2 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ жолдың тазартылған учаскесінде 5 адам болған 2 жеңіл автокөлік шығарылды, олар медициналық көмекке мұқтаж емес.

Құтқарушылар ауа райы күрделі кезде мүмкіндігінше жолға шықпау қажеттігін ескертеді.

Басты сөздер: Оқиға, Қарағанды облысы,
Жоғары қарай