Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қарағанды облысында ерекше балаларға арналған лагерь ашылады

2019 жылдың 25 сәуір 2019 19:44

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық оқу-сауықтыру орталығының төртінші филиалы Балқаш көлінің жағалауында, бұрынғы металлургтерге арналған санаторий-профилакторийдің аумағында орналасатын болады.

«Бурабайда 17 жыл бұрын «Балдәурен» РОСО ашылған болатын. Ол нысан жыл бойы жұмыс істейді. Орталықта көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мен жетім балалар оқу бағдарламасынан қалмастан сауығып, ем алады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша бұл орталықтың үш филиалы қызмет етеді. Енді міне төртіншісі Қарағанды облысында Балқаш жағалауында ашылғалы жатыр. Алайда бұл сауықтыру нысаны инклюзивтілігімен ерекшеленетін болады. Орталықта ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беріледі. Мұндай жоба бірінші болып Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатыр», - деді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Айман Түкбаева.



null

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру оңайға соқпаған. Металлугтердің бұрынғы сауықтыру орнын балалардың демалыс орталығына айналдыру үшін көп күш жұмсауға тура келді, дейді депутат.

«Мен депутат ретінде осы мәселені көтердім, қажетті мекемелерге сауалдар жолдадым. Нәтижесінде корпорация нысанды балаларға сыйға тартып, мүліктік кешенді ақысыз түрде ҚР Білім және ғылым министрлігіне берді. Бұл ретте облыс әкімі Ерлан Қошановтың көрсеткен қолдауы зор болды. Біз сол үшін өңір басшысына ризалығымызды білдіреміз», - деді Айман Түкбаева.

Қазіргі таңда нысан жөнделіп жатыр. Орталықтың филиалы 1 маусымда ашылып, балаларды қабылдауға дайын болады деп жоспарланған. Бір ауысымда лагерь 155 баланы қабылдайды. Биыл мұнда Қарағанды және Павлодар облыстарынан 1 300-ден астам бала демалады және денсаулығын түзейді. Алдағы уақытта мұнда еліміздің барлық өңірінен балалар келеді деп жоспарлануда.



null

Депутат сауықтыру орталығын ұйымдастыруда барлығы егжей-тегжейлі ойластырылғанын атап өтті. Лагерьде ерекше балаларды алып келетін ата-аналарға да тегін сауығу мүмкіндігін ұсыну қарастырылуда. Балалармен жұмыс істеу және қарым-қатынас құру үшін еріктілер дайындалады.

Бұған қоса, әлеуметтік жобаны іске асырудың арқасында Балқашта жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік пайда болады. Орталықта 200-ге жуық педагог, дәрігер, қызмет көрсететін мамандардан құралған ұжым жұмыс істейтін болады.

Ерлан Қошанов бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, туындаған мәселелерді шешуде барынша қолдау көрсетуге уәде берді.



null

Жоғары қарай