Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Қарағанды облысында егіс алқабы 57 мың гектарға ұлғайды

2019 жылдың 9 сәуір 2019 22:23

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өткен жылмен салыстырғанда Қарағанды облысында егіс алқабы 57 мың гектарға ұлғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров көктемгі егін егу науқанына дайындықтың қалай өтіп жатқанын тексеру мақсатында мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен жиын өткізді.

Өңір басшысының орынбасары атап өткендей, Қарағанды облысының Бұқар Жырау, Нұра және Осакаровка аудандарындағы негізгі астық алқаптары биыл егіс аумақтарын ұлғайтады.

«Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кесте бойынша жүріп жатыр. Тұқым мен жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері шешілді», - деді Серік Шайдаров.

«10 мамырдан бастап егіс науқаны басталады», деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов.

Оның айтуынша, егін егу жұмыстарына 17 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылады.

Жиналыс барысында тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа механизмі талқыланды. Аталмыш қолдау құралы екі мақсатты көздейді: фермерлерге сапалы тұқым сатып алуды жеңілдету және тұқым өсіру шаруашылықтарына техникалық қайта жарақтандыруға қаражат беру. Осы жылдан бастап өсімдік өсірушілер тұқымдарды норма бойынша, төлемсіз алады. Ал олардың құны элиталық тұқым шаруашылықтарына субсидия есебінен өтеледі. Бұл мақсатқа 473 млн теңге бөлінді. Күзде егін жинағаннан кейін бірінші репродукциялы тұқымның 30% құнын шаруашылықтар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на ұйымына қайтарады.

Аграрлық несие корпорациясы филиалының мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін астық егетін үш ауданның 22 шаруашылығы жылдық мөлшерлемесі 5,5% құрайтын 713 млн теңге сомасында жеңілдетілген несие алған.

Осы жылдан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мүмкіндігі барынша қолжетімді болып отыр. Шаруашылықтар үшін бастапқы жарна мемлекет тарапынан субсидия түрінде, қаржы институтының арнайы шотына ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ жиналыс барысында ауыл кәсіпкерлері оларды толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. «Қайнар» ЖШС басшысы Сейтжаппар Нығметов облыс элеваторларында астық сақтау тарифін реттеу қажеттігін атап өтті.

«Найдоровское» ЖШС басшысы Павел Лущак Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау ережелерін өзгертуді ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары бірқатар тапсырмалар берді.

Жоғары қарай