Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Канадада Наурыз мейрамы салтанатты түрде аталып өтті

2019 жылдың 27 наурыз 2019 11:46

ТОРОНТО - Қазақстанның Канададағы Елшілігі Торонто қаласындағы қазақстандықтар қауымдыстығымен бірлесіп алғаш рет Наурыз мейрамын ресми түрде атап өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мейрамға байланысты 400-ден астам отандастарымыз, жергілікті іскер және қоғамдық топ өкілдері Канаданың ең ірі мегаполисінде бас қосты. Іс-шара барысында қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылып, балаларға арналған ойындар мен тапсырмалар, сондай-ақ Канадада тұрып жатқан дарынды қазақстандықтардың қатысуымен арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылды», делінген баспасөз баянында.

Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов құттықтау сөзінде Наурыз мейрамы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бейбітшілік пен келісімнің символы екенін атап өтті.

«Наурыз біздің еліміз үшін үлкен маңызға ие, ол үйлесімділікке, өзара түсіністікке және әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді. Біздің басты құндылығымыз - халықтың бірлігі. Сондықтан біз бейбітшілік пен келісімді үнемі нығайтуға тиіспіз», - деді Елші.



null

Бұдан бөлек, Елші А.Камалдинов қазақстандық мәдениетті шетелдерде белсенді ілгерілетуді көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуына ерекше назар аударды. Осыған байланысты, ислам, парсы және Орталық Азия өркениеттерінің бірегей экспонаттары мен жинақтамаларын ұсынатын Торонтодағы Аға-Хан музейінде Наурыз мерекесін тойлау маңызы өте жоғары оқиға екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, салтанатты іс-шараның тең ұйымдастырушысы болып өз үлесін қосқан Қазақстанның Онтарио провинциясындағы Құрметті консулы Стэн Барти де барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ол 20 жылдан артық уақыт бойы еліміздің қарқынды дамуын қуанышпен бақылап отырғанын айтып, Канаданың орталық провинциясында Қазақстанның атынан жұмыс жасау мүмкіндігіне ризашылығын білдірді.

Мейрамның жүргізушісі ретінде танымал канадалық журналист Бен Малронидің қатысқаны қонақтар үшін таңғаларлық жайт болды. Ол «Etalk» және «Canadian Idol» бағдарламаларына қатысып, сондай-ақ «Оскар», «Алтын глобус», «Juno Awards» сыйлықтарын табыс ету рәсімдерін жүргізу арқылы бүкіл әлемге танылған.

Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі Торонтода оқып жүрген қазақстандық студенттермен де жеке кездесті. Елші А.Камалдинов Елшіліктің жұмыстары туралы түсіндіріп, тұрақты түрде байланыста болу үшін және төтенше жағдайларда көмек көрсету үшін консулдық есепке тұру қажеттілігін атап өтті. Жастар, өз кезегінде, өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарымен бөлісіп, Елшілікпен ынтымақтасуға дайындығын білдірді.



null


null

Жоғары қарай