Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 379.01
EUR 423.24
RUB 5.90
CNY 54.92

Қалың қар БҚО жұртшылығын әбігерге салуда

2019 жылдың 23 қаңтар 2019 20:02 1432

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қардың қалың түсуі жергілікті билік пен жұртшылықты әбігерге салуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсіресе, облыстың оңтүстігінде орналасқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары тұрғындарына қиын тиюде.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, қардың қалың жаууына байланысты тиісті шаралар атқарылуда.

«Қардың түсуі ауданның өзінде әртүрлі. Мысалы, Сайқын, Мұратсай, Хан ордасы ауылдық округтерінде қардың қалыңдығы 30-40 сантиметрге дейін жетсе, Т.Масин, Ұялы округтерінде 15-20 сантиметр ғана. Аудандағы барлық 22 елдімекенге жол ашық. Биыл жылқыға тебіндеу қиын болғандықтан, жабағыларға жемшөп берілуде. Бұл орайда, Оралдан, көршілес Волгоград облысының Палласов ауданынан жемнің уақтылы келуі көп көмек болуда. Қысқасы, жағдай бақылауда», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Нұрлан Рахымжанов.

Бөкей ордасымен көршілес Жәнібек ауданында жағдай күрделірек. Мұнда қардың қалыңдығы 55-60 сантиметрге дейін жеткен. Әлсін-әлсін боран соққандықтан, кейбір ауылдарға жолдың аршылмай жатқандығы жөнінде тұрғындар да дабыл қағуда.

Ауданішілік жолды «Қанат» ЖШС-ның техникалары аршыса, республикалық маңызы бар Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы жолын (95 шақырым) «Қазавтожол» ЖШС-ның «ДЭП-41» жол пайдалану кәсіпорны тазалайды. Мұнда күш жеткіліксіз болғандықтан, облыс орталығынан таяуда 4 техника (2 К-700, 2 қар тиегіш) көмекке бармақ.

Қазталов ауданында да осындай жұмыстар атқарылуда.

БҚО ТЖ департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 48 СМС хабарлама жіберілсе, соның алтауы - ауа райының бұзылуына байланысты, 42-сі - жолдардың жабылуына қатысты ескерту.

Облыс көлемінде 146 техника қар құрсауынан шығарылып, 174 адам құтқарылды. 161 адам эвакуацияланды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірде жолдар жабылып, автобустың жыраға түсіп кеткенін жазған болатынбыз.

 



null 

 

Жоғары қарай