Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.77
EUR 408.46
RUB 5.95
CNY 53.98

Қаламгер Сәбит Досановтың мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 16:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Белгілі жазушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Сәбит Досанов – 80 жаста. Қаламгердің мерейтойына арналған шығармашылық кеш бүгін Алматыда өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Алаш», Ресейдің Шолохов атындағы Халықаралық сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, профессор Сәбит Досанов сексеннің сеңгіріне шықты.





Жазушының құрметіне арналған шығармашылық кеш Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында болды. Кешке зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласының әкімі, жазушының шетелдегі қаламдас достары келді.








Салтанатты жиында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауын оқып берді.





«Құрметті Сәбит Айтмұханұлы! Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді қарымды қаламгер, қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға ой-пікірін білдіріп отыратын қайраткер ретінде жақсы біледі.Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіңіз өз жемісін беріп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер бүгінгі заманмен үндестік тауып, ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да оқырмандарыңызды тартымды туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған жеделхатта.





Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында жазушының оқырмандар ілтипаты мен құрметіне бөленіп, кең тынысты кесек туындыларының ұлттық әдебиеттің, соның ішінде көркем прозаның өркендеп, өрісінің кеңеюіне елеулі үлес қосқаны айтылады.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтау хат жолдады.

Сондай-ақ, жазушыға Рессей, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан, Түрік, Қырғызстан елдерінен арнайы келген белгілі жазушылар мен журналистер жылы лебіз білдірді.








Сәбит Досановтың «Екінші өмір», «Жиырмасыншы ғасыр» романдарына оқырман қауым жоғары бағасын берген. «Жер тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор стенного кургана», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» шығармалары жазушыны өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, өткір көркем сөз шебері ретінде танытты. Жазушының драматургия саласында да елеулі еңбектері бар. Мәселен, «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозаң шеңбері» пъесалары ел театрларында сахналанып жүр. Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан Досановтың туындылары шет елдерде де лайықты бағасын алуда.

Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық газет-журналдардан бастаған.

1985 – 1989 жылдары КСРО Әдебиет қорының қазақ бөлімшесінде директор,

1991 – 1995 жылдары республикалық халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының бас директоры,

1996 – 1997 жылдары «Қайнар» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Шығармашылық кеш концерттік бағдарламаға ұласты.














Жоғары қарай