Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 432.47
RUB 6.12
CNY 55.78

Инвестиция тартудың жаңа жүйесінің ерекшелігі неде

2019 жылдың 21 маусым 2019 13:11 1498

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2018 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасына 24,3 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан бүгінгі күні тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастап отыр. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикасына 320 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция  тартылды. 2018 жылы инвестицияның жалпы ағыны өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға өсіп, 24,3 млрд АҚШ долларын құрады», - деді министр орынбасары Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол инвестиция тарту жаңа жұмыс орындарын құрып, қазақстандық кадрлардың әлеуетін арттыратынын, инновациялық технологиялардың трансфертіне түрткі болатынын, мемлекет бюджетіне салық түсімдерін ұлғайтатынын баса айтты. Сонымен қатар, инвестиция тартудың жаңа жүйесінің бұған дейін қолданыста болған жүйеден айырмашылығына кеңінен тоқталды.

«Біріншіден, біз шетелдегі мекемелермен өзара іс-қимылды күшейтіп, инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі ретінде аталған инфрақұрылымдарды пайдаланамыз. Яғни, біздің толықтай алғанда шетелде 93 миссиямыз бар. Оның ішінде 58-і - елшілік болса,  қалғандары - дәрежесі төмендеу дипломатиялық миссиялар. Олардың барлығы да жаңа инвестиция тартумен және экспорттық саясатты үйлестірумен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз шетелдік мекеме-орталық-өңір форматында үш деңгейлі жүйе құрдық. Ол барлық деңгейдегі әрбір инвестормен және жобамен нақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай тетік өңірлердің жобалары үшін шетелдік мекемелерге әлеуетті инвестор іздеуге және керісінше тікелей тасымалдауға мүмкіндік береді», - деді Ермек Көшербаев.

ҚР СІМ орынбасарының айтуынша, екіншіден, әлеуетті инвестор елдерді  қамту географиясы кеңейеді. Бұл ретте Қазақстан экономикасының басым секторына инвестиция тарту үшін 40 инвестор ел айқындалған. Бұл ретте алдыңғы қатарлы елдерге, әсіресе АҚШ, Германия және Жапонияға баса назар аударылады.  Үшіншіден, инвестициялық шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, жыл басынан бері 17 инвестициялық шара ұйымдастырып, бірқатар маңызды стратегиялық құжаттарға қол қойылды.

«Төртіншіден, біз барлық өңірлерде фронт-кеңселер құру жұмысын жүргіземіз. Онда рұқсат беру бойынша барлық жауапты органдар бір алаңға жиналатын болады», - деді ол.

 

 

Жоғары қарай