Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Илон Маскпен хат алмасқан қазақстандық жас өнертапқыш

2019 жылдың 11 шілде 2019 15:08 857

ЗЕРЕНДІ. ҚазАқпарат - Павлодарда Илон Маскпен хат алмасқан заңгер тұрады.

Біз онымен Зеренді көлінің жағасында таныстық. «Зерен-2019» жастар лагеріне «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша ерекше жоба ұсыныпты. «Зияткерлік меншікті коммерциялау офисі» атты жобасы конкурста жүлдеге ілінбегенімен, бізге өте ұтымды көрінген. Авторын әңгімеге тартып көрдік. Ерекше идеяны қазылардың қаперге ілмеуі көңіл күйін түсіріп жіберсе керек, бізбен біразға дейін сүлесоқ отырып сөйлесті. Тек өз жобаларының ерекшелігі туралы айтқан кезде ғана жүзіне қан жүгіріп, езуіне жастық жымиыс үйірілгендей болды.

«Негізі мен заңгермін. Бұл саланы игеріп жатқаныма 7 жыл болды. 2 жыл колледжде, 4 жыл университетте оқыдым. Енді магистратурада білім алып жүрмін.  Колледжде оқып жүрген кезде-ақ өнертабыс тақырыбын өзіме таңдап алған болатынмын. Өйткені, өзім әуесқой өнертапқышпын. Су генераторының, спутник зымырандарының түрлі үлгісін жобалағанмын.  Былтыр «Менің арманым» конкурсында  ғарыш қоқыстарын тазалайтын спутниктің жобасын ұсынғаным бар.  Ол жобамды тіпті Илон Маскқа ұсынып, хат та жаздым. Кейін оны басқа да ғарыш агенттіктеріне жолдадым», - дейді жас өнертапқыш Дамир Бекбаев.

Илон Маск талапты жастың бұл хатына жауап жазған екен.

«Маған келген хатта жобамның идеясы өте өзекті екені айтылыпты. «Жобаңыз болашақ үшін аса қажет. Бірақ, біздің компания ондай спутниктер шығарумен айналыспайды. Қазіргі таңда басқа бағыттарға күш салып жатқандықтан, сіздің идеяңызбен жұмыс істеуге дайын емеспіз. Дегенмен, жобаңызды осы салаға тікелей қатысы бар компаниялар мен агенттіктерге ұсынып көруге кеңес береміз» деп жазыпты», - дейді ол.

Ал «Су геренаторы» жобасына жапондар қызығушылық танытқан көрінеді.

«Қазір өнертапқыштардың алдында жалғыз мүмкіндік қалды. Ол - халықаралық көрмелерге, сырттай конкурстарға қатысу. Мен жаңағы айтқан су генераторын Қазақстанда ешбір жерге өткізе алмадым. Кейін сол жобам туралы ағылшынша мақала жазып, сырттай конкурсқа ұсындым. Үздік деп танылды. Өйткені, мен ойлап тапқан генераторды судың астына тастаған соң ұмытуға болады. Өздігінен үздіксіз қуат өндіре береді. Мысалы, Павлодарда орнатсақ, Ертістің ағыны тоқтағанша қуат беретін болады. Ал күн генераторы бұлтты кезде, жел генераторы тынық кезде қуат өндіре алмайды. Менің генераторымның артықшылығы осында. Маған Жапониядан хабарласып, өздеріне енгізуді ұсынды. Бірақ, ұсыныс шарттарын қарасам, менің авторлық құқығым қатты шектеледі екен. Ақыры бас тартуға тура келді. Кейде соным қате болған жоқ па деп ойлап қоямын», - дейді жымиып.

 Талай-талай тың жобасы қолдау таппай, маңдайы сан мәрте тасқа тиген Дамир ақыры зияткерлік меншікті саудалайтын кәсіп ашу керек деген ойға келсе керек.

«Осындай жобаларды жүзеге асырудың тетігін таптым. Өзім сияқты өнертапқыштардың тізімін жасап жатырмын. Болашақта соларға инвесторлар мен «бизнес-ангелдер» тауып берумен айналысатын боламыз. Сол себепті менің жобам «Зияткерлік меншікті коммерциялау» деп аталады. Жақсы бір өнертабыс пайда болса, оған қатысы бар кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының барлығына хабарласатын боламыз», - дейді өнертапқыш заңгер.


null 

Қазір ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде патент зерттеуші болып жұмыс істеп жүр. Жас ғалым елдегі өнертабыс ретінде патенттеліп жатқан жобаның көбі бір сарындас деп ойлайды.

«Қазақстандағы өнертабыстың көбі бір-бірін жетілдіру ғана деп айтуға болады. Бар дүниені дамыту бағытында бәрі. Тыңнан түрен салып жатқандар некенсаяқ», - дейді ол.

Дамир Бекбаев жастардың жаңашыл идеялары кейбір жоғары оқу орындарының «шикізатына» айналып жатқанын айтады.

«Бізде, әсіресе, жас өнертапқыштарға инвестор мен демеуші табу қиын. Кімге барсаң да, әуелі жобаның прототипін сұрайды. Прототип жасауың өзі қымбат. Өйткені, оған бөлінетін гранттарды алу оңай емес. Не сенікінен үздік жоба озып кетеді, не сенің жобаңа тым ауқымды деген баға берілуі мүмкін.  Мысалы «Жасыл энергетика» бойынша су генераторын жобаладым. Финалға жеттім де, грантқа ілінбедім», - дейді өнертапқыш.

 «Өнертапқыштарды өтілі мен атағы үлкен профессорларға телудің де кедергілері бар. Сөз жоқ, тәжірибелі ғалымдар жас өнертапқыштан көп біледі. Оны қалай жетелеудің жолдарына қанық. Бірақ, жобаға атсалысқаннан кейін ол да автор болып тіркелгісі келеді. Гәп осында. Өнертабысыңды біреумен бөлісу аса бір жағымды дүние емес. Осы офисті ойлап табуыма бұл да себеп болды.  Біздің офис ешкімнің жобасына жиендік жасамайды. Өнертапқыш келіп идеясын айтса болды, біз ол ұсынған ақпараттың ешқайда тарамайтынына, өзінің келісімінсіз пайдаланбауға кепілдік береміз. Сол принциппен инвестор іздейміз. Біздегі ғылымға дәл осы көпір жетпей тұр қазір. Мұндай офистер АҚШ пен Жапонияда көп. Әйгілі «Кремний алқабында», Гарвард сияқты үздік университеттер жанында осындай офистер бар», - дейді Дамир.

Өнертапқыш әзірге ешбір жобасына патент алмапты. Бұл іске ойындағы офисті ашқаннан кейін мықтап кіріспекші

«Қазір өнертапқыштардың күйі «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген мәтелмен үндес. Қаржының бәрі пиары мықты немесе тірегі мықты жобаларға кетіп жатыр. Бұл офисте заңгерден бөлек экономистер де, менеджерлер де болуы тиіс. Өйткені, жобаны іске асыру үшін түрлі есептер мен болжамдар, насихат пен жарнама жұмыстары бірдей жүруі керек», - деді ол сөз соңында.

Өзі айтпағанмен, Дамирдің 15 жыл бойы әйгілі NASA-да ерікті ретінде жұмыс істегенін әлеуметтік желідегі мәліметтерінен білдік. Сөйтсек, ол бала күнінен ғарыш әлеміне ерекше ынтық болған екен. Өзге балалар ойыншық жинап жүргенде бұл ғарыш туралы энциклопедияларды «кеміре» берген. Ғарышкер болуға денсаулығы жарамағандықтан, өз бағын өнертабыс саласында сынап көруге бекінген. Дамир Бекбаев Илон Масктан бөлек  Айдын Айымбетовпен де әлеуметтік желі арқылы хат алмасып тұрады. 2018 жылы NASA ұшырған InSight кемесі Марсқа көптеген еріктілермен бірге Дамирдің де есімі жазылған кремний чипті жеткізген болатын. Осылайша, жас өнертапқыштың өзі ғарышқа аяқ баспаса да, есімі «Қызыл ғаламшарға» жеткен.

Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: Ғылым, Ғарыш,
Жоғары қарай