Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

ІІМ Атырау облыстық ПД бастығын қызметінен босату себебін түсіндірді

2019 жылдың 21 мамыр 2019 17:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсенбаевтың неліктен қызметінен босатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, мұндай жағдай тіркелді. Өздеріңіз білетіндей, 13 мамырда әлеуметтік желілерде Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының полиция генерал-майоры шенін алуына орай ұйымдастырылған шараға қатысқаны туралы видео тарады. Осыған байланысты министрдің тапсыруымен қызметтік тергеу басталып, Атырауға комиссия 14 мамырда жіберілді. Ол комиссияны өзім басқардым. Ол жерде тәртіптік комиссия өткіздік. Соның қорытындысы бойынша министрге (Ерлан Тұрғымбаевқа) Аян Дүйсенбаевты қызметінен босату туралы ұсыныс жолдадық», - дейді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ішкі істер вице-министрі департамент бастығын неліктен қызметінен босату туралы ұсыныс бергенін де түсіндірді.

«11 мамырда тәртіпті күшейту кезінде ол дислокация аумағынан - Атырау қаласынан 300 шақырым жерге қызметтік көлікпен шығып кеткен. Оның үстіне екінші қызметтік көлікті алып, бірнеше бөлімше бастығын ала кеткен. Ол сол жақта мерекелік шара өткізілгелі жатқанын білген. Тиісінше, видеодан ат мінгізіп, шапан жабылып жатқанын көрдіңіздер. Ол кейін атты иесіне қайтарғанын, тек құрмет үшін сұралып алынғанын түсіндірді», - дейді ол.

Алексей Калайчиди өз сөзінде департамент бастығы нақты қандай бұзушылықтарға жол бергенін түсіндірді.

«Біріншіден, ол дислокация аумағын тастап кетіп, басшылық ететін бастықтарды ала кеткен. Оған қоса ол Мақат ауданының ІІБ бастығын да ертіп алған. Өздеріңіз білетіндей, ішкі істер органдарының басшыларына ерекше талап қойылады. Жалпы, бұл талаптар бойынша құқық қорғаушы сыпайылық танытып, жағымсыз қоғамдық резонанс туғызбауы керек. Бұл жағдайда қарапайым азаматтардан бастап Мемлекет басшысына дейін бұл шара тек жағымсыз пікір-пайымдарды туындатты. Демек, қоғамдық резонанстың туғаны көзге ұрып тұр. Екіншіден, қызметтік көлік мақсатты тұрғыда пайдаланылмаған. Үшіншіден, бұл шараға жеке құрам да тартылған. Міне, осының бәрі жиылып келіп, қызметтік тергеу жүргізуге алып келді», - дейді ведомство бастығының орынбасары.

Оның айтуынша, тексеру қорытындысы бойынша жеке қауіпсіздік басқармасының бастығы да қызметтен босатылған. Ол бұл шара туралы министрлікке хабар бермегені үшін жазаланып отыр. Сонымен бірге, бұл мерекелік шараға қатысқан бірқатар басшылар да қатаң жаза алған.

Еске сала кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігі осы оқиға бойынша бұдан бұрын түсініктеме берген еді. Ал, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облыстық ПД бастығының әрекетін тексеруді тапсырған болатын.

Жоғары қарай