Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Хоккей: Қазақстан қыздар құрамасы Польшамен кездеседі

2019 жылдың 6 сәуір 2019 12:59 960

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қытай астанасы - Бейжің қаласында шайбалы хоккейден қыздар арасында әлем чемпионаты бірінші дивизионының В тобындағы ойындар басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш топта Қытай, Латвия, Голландия, Польша, Оңтүстік Корея және Қазақстан құрамалары сынға түседі. Жеңімпаз болған құрама келер жылы топ-дивизионға жолдама алады.

Біздің құрама 1999 жылға дейін әлем чемпионаты ойындарына қатысқан жоқ. 2000 жылы В тобында бірінші орын алып, топ-дивизионда бақ сынауға мүмкіндікке қол жеткізді. 2001 жылы топ-дивизионда А тобында ойнады. Нәтижесінде Канададан 0:11, Ресейден 2:8, Швециядан 1:3 есебімен жеңілді. Соның салдарынан қайтадан бірінші дивизионға түсіп қалды.

Біздің құрама топ-дивизионға 2005 жылы қайта оралды. Онда А тобында Канада, Швеция, Ресеймен шеберлік байқасты. Топтық кезеңде біздің қыздар екі кездесуде де қарсыластарына есе жіберіп қойды. Алдымен Канададан 0:13, Швециядан 1:5 есебімен жеңілсе, одан кейін Ресеймен 2:2 есебімен тең түсті. Бұдан кейін қыздар 5-8 орындар үшін сайыста Қытайдан 0:3 есебімен жеңіліп, одан кейін 7 орын үшін сайыста Ресейді буллиттен 2:1 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды.

Ал 2007 жылы қыздар топ-дивизионның топтық кезеңіндегі бірінші сатысында А тобында АҚШ-тан 0:9, Қытайдан 0:7 есебімен жеңілді. Нәтижесінде жарыстың келесі сатысында F тобында Ресейге 0:7, Германияға 0:3 есебімен есе жіберіп, үздіктер қатарынан түсіп қалды. 

Біздің құрама 2009 жылы топ-дивизионға қайта оралды. Бұл жолы олар тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Жарыстың алғашқы кезеңінде С тобында сынға түскен қыздар алдымен Финляндиядан 0:7 есебімен жеңіліп, одан кейін Швейцарияны буллиттен 2:1 есебімен тізе бүктірді. Жарыстың негізгі сатысында Е тобында Швециядан 0:9, Ресейден 2:9 есебімен жеңілді. Жалпы қорытынды бойынша алтыншы орынға табан тіреді.

Дегенмен 2010 жылы қайтадан бірінші дивизионға түсіп қалды. Айта кетерлігі, соңғы он жылдан бері біздің хоккейші қыздарымыз топ-дивизионға қайта орала алмай келеді.

Қыздарымыз 2002 жылы Қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Жалпы командалық есепте сегізінші орынды қанағат тұтты. Қысқы Азия ойындарында біздің құрама жоғары табыстарға қол жеткізді. 1996, 1999, 2017 жылдары қола жүлдегер атанса, 2003, 2007, 2011 жылдары алтыннан алқа тақты.

Қазақстан қыздар құрамасы бүгін Польшамен шеберлік байқасады. Одан кейін 7 сәуірде Голландиямен, 9 сәуірде Латвиямен, 10 сәуірде Оңтүстік Кореямен ойнайды. Ал 12 сәуірде Қытаймен шеберлік байқасады.

Бүгінгі Қазақстан мен Польша қыздар құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен сағат 18.00-де басталады. 

 

 

 

Автор: Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай