Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

Хоккей: «Барыс» күтпеген жерден «Автомобилистің» алдын орап кетті

2018 жылдың 18 қаңтар 2018 22:41 41

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Екатеринбургте «Автомобилист» командасымен өткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Астаналықтар осының алдында 20 кездесудің 18-інде жеңіліс тауып, жанкүйерлерін әбден жерге қаратқан еді. Ал «Автомобилистің» жөні бөлек. Екатеринбург командасы Шығыс конференциясында 90 ұпаймен үшінші орында келеді, яғни Владимир Крикунов шәкірттерінің плей-офф бәсекелеріне жолдама алатыны анық. Соған қарамастан, бұл матч «Барыстың» әлі де тұяқ серпе алатынын көрсетті.

Бірінші кезеңде қонақтардан Ярослав Евдокимов есеп ашса, ойынның екінші бөлігінде Никита Михайлис 2:0-ге жеткізді. Айдын иелерінен Алексей Василевский есепті қысқартқанымен, Роман Старченко мергендік танытты.

Үшінші кезеңде Р.Старченко тағы бір голдың авторы атанса, матч соңында «Автомобилист» командасынан Александр Торченюк сан басымдылығын пайдалана алды.

Осылайша, елордалықтар 4:2 есебімен көптен күткен жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетейік, Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері 21 қаңтар күні өз айдынында Тольяттидің «Лада» командасын қабылдайды. 16 қаңтар күні астаналықтар сырт айдында көш соңында келе жатқан осы клубқа жол берген болатын. Содан кейін «Барыс» 23 қаңтар күні тағы бір кездесуін өз айдынында «Автомобилист» командасымен өткізеді. 

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай