Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Халықаралық армия ойындары: Алғашқы жеңіс қазақстандықтарға бұйырды

2019 жылдың 7 тамыз 2019 20:59 215

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық команда Халықаралық Армия ойындарының алғашқы жеңімпазы атанды. Мәскеу облысында өткен «Адал дос» байқауында біздің кинологтар командалардың рейтингі жоғары өкілдерінің арасындағы жеке біріншілікке талас ойындарында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.



«Чемпиондар жарысы» кезеңі аясында кинолог, әскери полиция ефрейторы Мағжан Жаңабеков лақап аты «Арно» деген қызметтік итпен 6 минут 6 секунд ішінде 1600 метр қашықтықты еңсеріп, атыс шебіндегі барлық нысанаға дәл тигізді.

Байқаулардың алғашқы кезеңдерінің нәтижелері бойынша қазақстандық командалар үздік үштіктің қатарында келе жатыр.



Мәскеу облысындағы «Алабино» полигонының «Танктік биатлонында» біздің танкистер жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша өз тобында бірінші орынды сақтап келеді. Экипаж 21 минут 50 секунд уақытымен үздік нәтиже көрсетті.

Рязаньда өткен «Авиадартс» байқауының бірінші кезеңінде біздің әскери ұшқыштар үздік дайындықтарын көрсетті. Су-25 жойғышының, МИ-35 және Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары алғашқы орынды иеленсе, Су-30СМ жойғышының ұшқышы үшінші орынды еншіледі.



Брест қаласында (Беларусь) өткен байқауға қатысушы қазақстандық мергендер үздіктер үштігіне табан тіреді. Қазір олар жеке есеп қорытындысы бойынша үшінші орында келе жатыр.

Сондай-ақ, Моңғолиядағы оқу полигонында Қазақстанның әскери қызметкерлерінен құралған команда жаңа «Атты марафон» байқауында үшінші орынды иеленді.



Армения еліндегі «Соғыс және бейбітшілік» байқауының қатысушылары әскери-медициналық дайындықта бақ сынасты. Біздің команда кезеңді үшінші орынмен тәмамдады.



Еске салайық, қазіргі таңда бір уақытта 10 елде Халықаралық Армия ойындарының 32 байқауы өтуде. Оған 39 елден 223 команда қатысып жатыр. Біздің әскери қызметкерлер 16 байқаудан сайысқа түсуде.





Жоғары қарай