Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 377.62
EUR 426.03
RUB 5.67
CNY 55.78

Халық мемқызметтерді цифрлық түрде пайдалануды дағдыға айналдыруы керек - Сағынтаев

2019 жылдың 15 қаңтар 2019 11:09 622

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрде пайдалануды дағдыға айналдыруы керек. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамыту мәселесі, өздеріңіз білесіздер, Елбасының ерекше бақылауында. Бұл мәселе "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына қосылған. Жыл  сайын есеп беріп отырмыз. Елбасына жылдың қорытындысы бойынша тағы да есебімізді дайындап беруміз қажет. Сол себепті ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, мемлекеттік корпорациямен (Азаматтарға арналған Үкімет) бірлесіп, биылғы жылы электронды форматқа ауыстырылуы тиіс көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізбесін жасауды тапсырамын", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, орталық және жергілікті мемлекеттік  органдардың бәрі  осы тізбені уақтылы жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Тиісті жол карталарын әзірлеуі және ведомствоаралық тиімді өзара іс-қимылды біріктіруді қамтамасыз етуі қажет.

"Асқар Қуанышұлы, бұған сіз басшылық жасаңыз", - деді Үкімет басшысы орынбасары Жұмағалиевке қарата.

Сонымен қатар Премьер-Министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтер көрсету процесін мониторингілеу мен талдаудың тиімді жүйесін құруы қажеттігіне назар аудартты.

"Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер секторын цифрландыру туралы түсіндіру жұмыстарын одан ары жалғастыру керек. Халық мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрде пайдалануды дағдыға айналдыруы қажет. Дәурен Әскербекұлы, осыны басты назарға алуыңызды сұраймын", - деді Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Абаевқа.

 

 

Жоғары қарай